"Тәуелсіз сараптама қажет": Әбенов Нұрай ісіне қатысты пікір білдірді
Нұрай ісінде жаңа күмән пайда болды: депутат сараптамаға сенімсіздік білдіріп, тәуелсіз тексеру жүргізуді ұсынды.
Шымкентте өлтірілген Нұрайдың ағасы жұртшылыққа үндеу жасап, күдіктінің арнайы мекемеге орналастырылғанын айтты. BAQ.KZ тілшісі Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтен осы жағдайға қатысты пікірін сұрады.
Маған Нұрайдың ағасы осыдан 20 күн бұрын келіп, өз күдігін айтты. Тексерулер жүріп жатыр, бірақ бізде оларға қатысты күмән бар. Осы уақытқа дейін ауырмаған, бірақ жаңа сараптама жасалды деген ақпарат бар, – деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Ол құжаттар мен ұсыныстардың қазір Бас прокуратураға және Әділет министрлігіне жолданғанын атап өтті.
Енді нәтижесін күтеміз. Менің ойымша, сараптама жасаған мекемелер өз жауапкершілігін түсінуі керек, – деді депутат.
Сонымен қатар, депутат қосымша тәуелсіз сараптамаларды жүргізу қажеттігін айтты.
Егер дәлелденсе және қосымша сараптама да сол нәтижені растаса, амал жоқ. Бірақ менің ойымша, біз тәуелсіз сарапшыларды, мүмкін шетелден – Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан немесе басқа мемлекеттерден шақырып, тексеруіміз керек, – деді Мұрат Әбенов.
Еске салсақ, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.
Белгілі болғандай, Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған.
Сондай-ақ, депутат Мұрат Әбенов елді дүрліктірген оқиғаның қалай болғанын айтты.
Шымкентте өлтірілген Нұрайдың ағасы «күдікті жазадан құтылып кетуі мүмкін» деп жұртшылыққа үндеу жасады.