Тәуелсіз байқаушылар бірігеді: Сайлау күні арнайы штаб жұмыс істейді
Штаб жұмысына еліміздің түрлі өңірлерінен келетін адамдар да қатысады.
Алматы қалалық Қоғамдық коммуникациялар орталығының басшысы Рафаэль Гасанов 23 тамыздағы сайлау қарсаңында тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабының жұмысы қайта жандандырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, штабтың негізгі жұмысы 23 тамыз күні өтетін саяси науқанды ақпараттық тұрғыда сүйемелдеуге бағытталады.
Кез келген саяси оқиға ең алдымен сенімді әрі нақты ақпараттан басталады. Бүгінде азаматтар ресми ақпарат көздеріне көбірек сенім артады. Бұған дейінгі тәжірибеде штаб жұмысына қоғам тарапынан жоғары қызығушылық болғанын көрдік. Әсіресе жедел ақпарат тарату, оқиғаларға уақытылы ден қою және тәуелсіз байқаушылардың өз брифингтерін өткізуіне мүмкіндік беру маңызды болды, – деді Гасанов.
Штаб жұмысына еліміздің түрлі өңірлерінен келетін адамдар да қатысады. Олар аймақтардағы сайлау барысы туралы жедел ақпарат ұсынып отырады.
Рафаэль Гасанов мұндай бастама азаматтық қоғам мен тәуелсіз байқаушылар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді деп санайды.
Қазіргі таңда сайлауды бақылаумен айналысатын қоғамдық қорлар мен байқаушылар штаб жұмысына бірігуге шақырылған. Оның айтуынша, бастамаға еліміздің бес өңірінен өкілдер қызығушылық танытып отыр. Қазір бастамашыл топ құрамында 50-ден астам адам бар.
Өткен сайлау кезінде шамамен 100 адамнан тұратын бастамашыл топ жұмыс істеді, ал байқаушылар саны 2 мыңға жуық болды. Биыл олардың саны бұдан да көп болады деп күтіп отырмыз. Өйткені Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, көптеген қоғамдық және халықаралық ұйымдар бақылаушы ретінде тіркелген, – деді ол.
Қоғамдық коммуникациялар орталығы сайлау күніне дейін күн сайын белсенді жұмыс жүргізеді. Ал дауыс беру күні 12 адамнан тұратын топ тікелей эфирлер ұйымдастырып, сағат сайын брифинг өткізіп отыруды жоспарлап отыр.
Гасановтың пікірінше, мұндай тәжірибе қоғам үшін пайдалы әрі біріктіруші рөл атқарады.
Бұл бастама ешкімге кедергі келтірмейді. Керісінше, сайлау процесін бақылауға ниетті азаматтарды біріктіреді. Сонымен қатар тәуелсіз байқаушылардың қоғамға ақпаратты дұрыс әрі сауатты жеткізу үшін қолдауға мұқтаж екенін көрдік, – деп түйіндеді ол.