18 Қыркүйек 2026, 14:40 Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

«Тәуекелсіз туризм»: Астанада Kazakhstan Travel Forum «Саяхат 2026» қалай өтті?

Кепілдік беру жүйесі жұмыс істеген 10 жыл ішінде 15 мыңнан астам қазақстандық елге қайтарылды. Форум қатысушылары саяхат қауіпсіздігі мен сала үшін жаңа мүмкіндіктерді талқылады.

Астанада «Саяхат 2026» Kazakhstan Travel Forum өтіп жатыр. Биылғы форум «Тәуекелсіз туризм» тақырыбына арналып, сыртқы туризм саласындағы азаматтардың құқығын қорғау жүйесінің құрылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. BAQ.KZ тілшісі бұл шарадан аталмыш саланың қалай өзгеріп жатқанын, жаңа бағыттар мен инфрақұрылымдық жобалардың таныстырылғанын біліп қайтты. Толығырақ – фоторепортажда.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, туристік бизнестің, әуе компаниялардың, қонақүй индустриясының және кәсіби туристік бірлестіктердің өкілдері қатысты.

15 мыңнан астам қазақстандық елге қайтарылды

Биыл туристік саланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйеге 10 жыл толып отыр. Оның әкімшісі – «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев бұл уақыт ішінде жүйе шетелде қалған 15 мыңнан астам қазақстандықты елге қайтаруға көмектескенін атап өтті.

Осы уақыт ішінде жұмыс істеп тұрған жүйенің арқасында біздің 15 мыңнан астам азаматымыз үйлеріне қайтарылды. 15 мың деген құрғақ цифрдың артында шынайы адам тағдырлары тұр. Олар – шетелде қиын жағдайда қалып, кейін отбасына оралған отбасылар мен азаматтар, – деді Мирас Төлебаев.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Оның айтуынша, шетелге шығатын азаматтардың құқығын қорғау туристік саланың басты міндеттерінің бірі болып қала береді.

Біздің азаматтарымыздың, сыртқы туристеріміздің құқығын қорғау – туристік ағынды ұлғайтудан кем түспейтін маңызды міндет, – деп баса айтты вице-министр.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Жеті млн-ға жуық турист қорғау жүйесімен қамтылды

«Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы Инна Рей он жыл ішінде бұл жүйенің үлкен жолдан өтіп, туристік саланың ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.

Біз қазір айтып отырған 10 жыл бір көзді ашып-жұмғандай өте шықты. Өйткені бұл уақыт ішінде біздің жұмысымыз қалыптасып, өзгеріп отырды. Біз әрқашан салалық министрлігіміздің қолдауын сезіндік, – деді Инна Рей.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Ол сондай-ақ бұл жүйенің жұмысындағы туроператорлардың рөлін ерекше атап өтті.

Біздің күшіміз, негізіміз – ең алдымен біздің туроператорлар. Олардың әрқайсысын ортақ мерекемізбен, белсенді қатысушы болып, өз міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен орындап жатқанымен құттықтаймын, - деді ол.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Инна Рейдің айтуынша, он жыл ішінде жүйенің қорғауымен шетелде шамамен 7 миллион қазақстандық турист болған.

Туризмді дамыту үшін төрт жаңа әуежай

Форумда туристік дестинациялардың көлік қолжетімділігіне де ерекше назар аударылды.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстанда төрт жаңа әуежайдың – Арқалық, Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде нысандар салынып жатқанын хабарлады.

Қазақстанда іс жүзінде төрт жаңа әуежай салынуда. Олар биыл, келесі маусымға қарай жұмыс істей бастайды деп ойлаймын. Олар: Арқалық, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі. Арқалық қазірдің өзінде жұмыс істей бастады, – деді Талғат Ластаев.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Оның айтуынша, әуежайларды дамыту осы өңірлердегі туристік өнімдерді дайындау жұмыстарымен қатар жүруі тиіс. Вице-министр қазақстандық авиация саласы жыл сайын шамамен 10%-ға өсіп, әуе кемелерінің паркі пен жерүсті инфрақұрылымы жаңарып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ елде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жалғасуда: күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан 124 вокзалдың 100-ден астамы жаңартылған.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

SCAT: Қауіпсіздік – бүкіл саланың ортақ жауапкершілігі

«SCAT» әуекомпаниясының вице-президенті Владимир Сытник саяхат қауіпсіздігі туристік нарықтың барлық қатысушыларының бірлескен жұмысына байланысты екенін атап өтті.

Бұл жүйе мемлекетті, туроператорларды, турагенттіктерді және әуе компанияларын біздің азаматтарымыздың, туристеріміздің саяхатын қауіпсіз, сенімді әрі жайлы ету сияқты ортақ міндеттің төңірегіне біріктіре отырып, Қазақстанның туристік саласының маңызды бөлігіне айналды, – деді Владимир Сытник.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Ол авиация мен туризмнің өзара тығыз байланыста екенін жеткізді.

Авиация мен туризм бір-бірінен бөлінбейді. Біз жаңа бағыттар ашып, жолаушыларды жаңа елдерге бастап барамыз. Туристік сала сұранысты қалыптастырып, осы бағыттарды дамытуға көмектеседі, – деді ол.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Туристтік бренд - Байқоңыр

Форум алаңында туристік өнімдерді дамытумен айналысатын компаниялар мен ұйымдар да өз өнімдерін таныстырды. Байқоңыр кешенінде туризмді дамыту жөніндегі консорциумның төрағасы Асқар Жапаров Байқоңырдың ғарыштық мұрасы негізінде жаңа туристік өнімдерді құру жұмыстары туралы айтып берді.

Консорциум жеке компаниялар мен квазимемлекеттік органдар арасында Байқоңыр кешенінде туризмді дамыту үшін арнайы құрылды. Өйткені Байқоңыр – бұл тек қазақстандық емес, бүкіләлемдік мұра бренді, – деді төраға.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Оның айтуынша, Байқоңыр туристер үшін бірнеше жылдан бері қолжетімді, алайда бұл саланың дамуы космодромның режимдік нысан мәртебесіне байланысты қиындай түседі.

Бұл – режимдік нысан, өйткені бұл әлі де жұмыс істеп тұрған космодром. Дегенмен, онда туризм үшін жағдайлар біртіндеп жасалып жатыр. Осы жағдайларды дамыту әрі жақсарту үшін біз де консорциум құрдық, – деп атап өтті ол.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Асқар Жапаровтың айтуынша, туристер Байқоңырға ғарыш кемелерін ұшыру кезеңінде де, сондай-ақ ұшыру аралығындағы кезеңде де келе алады.

Туристер екі кезеңде келе алады. Біріншісі – ұшыру кезіндегі туризм. Ұшыру сәтіне өте көп адам келеді. Екіншісі – ұшыру аралығындағы кезең, бұл кезде космодромнан ешқандай ұшыру жұмыстары жасалмайды, бірақ сіз келіп, тарихи орындарды тамашалап, қыдыра аласыз, – деді консорциум төрағасы.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Оның бағалауы бойынша, Байқоңырға жыл сайын 10–20 мыңға жуық турист келеді, алайда туристік ағынды есепке алудың ерекшеліктеріне байланысты нақты санын анықтау қиынға соғады.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Сала өкілдері марапатталды

Форум аясында үздік туроператорлар мен туристік сала компанияларын марапаттау рәсімі өтті. «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей компания өкілдеріне естелік статуэткалар табыстады.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Форумның көрме алаңында сала өкілдері өз қызметтері мен туристік өнімдерін көпшілікке ұсынды.

Kazakhstan Travel Forum «Саяхат 2026» Астанада 17–19 қыркүйек күндері өтеді. Биылғы бағдарлама саяхат қауіпсіздігі, ішкі және сыртқы туризмді дамыту, көлік қолжетімділігі, туристік инфрақұрылым және сала үшін жаңа мүмкіндіктер мәселелеріне арналған.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов