15 Қыркүйек 2026, 11:31 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

«Таудағы қоқысты кім жинайды?»: Экобелсенді туристердің жауапсыздығын сынға алды

Табиғатты тазарту акцияларынан кейін жиналған ондаған қап қоқыс қайда кетеді? Оны кім шығарады және бұл жұмыста қандай қиындықтар бар? Бұл сұрақтарға «Бодрячок» эко-клубының ұйымдастырушысы Галина Муленкова жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, еріктілер үшін қоқысты шығаруда айтарлықтай мәселе жоқ. Жиналған қалдықтар арнайы контейнерлерге жеткізіледі. Алайда негізгі мәселе қоқысты жинауда емес, оны табиғатқа тастап кететін адамдардың көптігінде жатыр.

Муленкованың сөзінше, таулы аумақтарды тұрақты түрде тазалаумен қорықшылар мен инспекторлар айналысады. Бірақ демалушылардың жауапсыз әрекеті олардың жұмысын бірнеше есе қиындатады.

Біз үшін ең маңызды міндеттердің бірі – жастардың бойына экологиялық жауапкершілікті сіңіру. Адамдар өз әрекетінің салдарын түсінуі керек, – дейді ол.

Экобелсенді табиғатты қорғау қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, кейбір инспекторлар таулы аймақтарды аралап жүріп, жолыққан әрбір қағаз қалдығын да жинап алады.

Соған қарамастан, мәселе шешілер емес. Оның сөзінше, кейбір демалушылар табиғат аясына келіп, көлігінің жүксалғышынан төсеніштерін шығарып, тамақтанып болған соң барлық қоқысын сол жерде қалдырып кетеді.

Кейбір туристер соқпақпен жүріп келе жатып-ақ қоқысын тастай салады. Мұндай қалдықтарды жинау оңайырақ. Бірақ тамыз айында таулардың қарбыз қабығына толып кететіні бар. Мұндай көрініс шынымен алаңдатады, – дейді Галина Муленкова.

Оның пікірінше, табиғатты қорғау инспекторларының жұмысы онсыз да ауыр. Олар кең аумаққа жауап береді, жабайы жануарларды бақылап, табиғатты қорғаумен айналысады. Соған қарамастан, тұрмыстық қалдықтарды да жинауға мәжбүр.

Экобелсенді бір инспектордың өз учаскесіндегі барлық қоқысты жалғыз өзі жинап үлгеруі іс жүзінде мүмкін емес екенін айтты.

Сондықтан біз олардың жұмысына көмектесуге әрқашан дайынбыз. Бұл – ортақ іс. Табиғатты қорғау тек инспекторлардың емес, демалуға келген әр адамның жауапкершілігі болуы керек, – деп түйіндеді ол.