Тауда туристер тағы да қиындыққа тап болды: құтқарушылар қазақстандықтарға үндеу жасады
Таудағы қауіп-қатердің алдын алу үшін құтқарушылар туристерді қауіпсіздік ережелерін сақтауға және жорыққа дайындықпен шығуға шақырды.
Күзгі демалыс қарсаңында және серуендеуге қолайлы ауа райына байланысты құтқарушылар қазақстандықтарға таудағы қауіпсіздік ережелерін еске салды. Сақтық шараларын елемеу, дайындықсыз шығу және ауа райы болжамын ескермеу қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі күн сайын тауда көмекке мұқтаж туристер туралы ақпарат жариялайды. Бірі бағытынан адасса, енді бірі жарақат алып немесе өздігінен шыға алмайтын қолжетімсіз жерде қалып жатады.
26 қазан мен 1 қараша аралығында өтетін күзгі демалыс кезінде көпшілік табиғат аясында көбірек уақыт өткізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты құтқарушылар тауға серуендеуді жауапкершілікпен жоспарлап, ықтимал қауіптерді алдын ала бағалауға шақырды.
ТЖМ мамандары тауға шығар алдында ауа райын, маршруттың күрделілігін және өз физикалық дайындығын ескеру қажет екенін атап өтті. Қарапайым серуеннің өзі қауіпке айналуы мүмкін.
Құтқарушылар мына қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді:
- Маршрутты алдын ала зерттеп, белгіленген соқпақтан шықпау;
- Жолға шығар алдында ауа райы болжамын тексеріп, жағдай нашарласа, сапарды кейінге қалдыру;
- Жақындарыңа қай бағытпен баратыныңды, қашан шығып, қай уақытта оралатыныңды хабарлау;
- Телефонды толық қуаттап, өзіңмен бірге қосымша қуаттағыш алып жүру;
- Ыңғайлы аяқ киім киіп, жылы киім мен қажетті жабдықтарды дайындау;
- Су, азық-түлік, дәрі қобдишасы және қолшам алу;
- Тауда жалғыз жүрмей, топтан бөлінбеу;
- Құздарға, опырылу қаупі бар беткейлерге және басқа да қауіпті учаскелерге жақындамау.
Министрлік өкілдері тауда ауа райы өте жылдам өзгеруі мүмкін екенін де еске салды. Сондықтан маршрутты алдын ала жоспарлап қана қоймай, жағдай қауіпті бола бастаса, серуеннен бас тартуға дайын болу маңызды.
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне қоңырау шалып, құтқарушыларға орналасқан жеріңіздің координаттарын немесе жақын маңдағы бағдарларды хабарлап, олардың нұсқауларын орындау қажет, – деп мәлімдеді ТЖМ.
Құтқарушылар қазақстандықтарды әдемі суретке түсу, жаңа әсер алу немесе бастаған бағытын қандай жағдай болса да жалғастыру үшін өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырды.