Тауарлардың шекті бағасын өңірдің жергілікті атқарушы органдары қояды – министрлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүкендегі тауар бағасы бір теңгеге жоғары екені туралы әкімдікке хабарлаған жағдайда бизнесті бірден жабатыны туралы тарап жатқан ақпарат жалған. Оның шындыққа жанаспайтынын Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Әлеуметтік желілерде еліміз бойынша 2022 жылдың 1, 2, 3-ші тоқсанына арналған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалардың шекті мәндерінің бірыңғай тізілімі туралы ақпарат тарап жатыр. Желіде тарап жатқан жалған ақпаратта тауар бағасы жоғары болса, санэпидстанция жабатыны туралы жазылған.

Кез келген дүкенге кіріңіздер, бағасы бір теңгеге жоғары болса – әкімдікке қоңырау шалыңыз, дүкенді дереу жабады. Санэпидстанция, монополияға қарсы статистика келіп, дүкенді бірден жабады. Сатушылардан осы бағаларды талап етіңіз, - делінген жалған ақпаратта.

Сауда және интеграция министрлігі таратылған ақпарат жалған екенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, тауарлардың шекті бағасын әр өңірдің жергілікті атқарушы органдары өздері белгілейді.

Шекті бағаларды әрбір өңір үшін жергілікті атқарушы органдар жеке белгілейді және олар елдің басқа өңірлерінде қолданылмайды. Ақпараттық хабарламада көрсетілген бағаларды Алматы облысының әкімдігі өңір бойынша ӘМАТ бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерінің деңгейін жария талқылау үшін ашық көздерде орналастырды. Шекті мәндер бағалардың ауытқуын мониторингілеу және бақылау үшін бекітілгенін және ӘМАТ-қа нарықтық бағалардың жай-күйін бағалаудың бағдары ретінде қызмет ететінін атап өткен жөн. Шекті бағадан асқан кезде шекті бөлшек сауда бағалары енгізіледі, оларды сақтамау әкімшілік айыппұл салуға әкеп соқтырады. Қазақстан тұрғындарын тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз, - деп түсіндірді министрлік баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы