8 айдың ішінде Түркістан облысына 513 мың долларды құрайтын тауар импортталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісін қабылдады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тацухико Касаи мырзаны және жапондық Kawasaki мен Marubeni компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде тараптар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады.

Аймақ басшысының айтуынша, Жапония Қазақстан Республикасы үшін және Түркістан облысына маңызды стратегиялық серіктестердің бірі. Күншығыс елінен өңірге гербицидтердің үлкен көлемі импортталады. 

"Түркістан облысы мен Жапония арасында өзара тиімді өндірістік, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру үшін үлкен перспективалар бар екеніне сенімдімін. Біз бірлескен жобаларды іске асыру үшін толық қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Өмірзақ Шөкеев. 

Сонымен қатар, облыс әкімі Түркістан өңірінің туризм және аграрлық өнеркәсіп саласындағы жоғары әлеуетін атап өтті. Осылайша, алдағы уақытта шетелдіктермен ортақ мүддеміз ұштасқан жобаларды іске асыруға қазақстандық және жапондық компаниялар тартылуы мүмкін.  

Kawasaki компаниясы Түркістан қаласындағы 50 мвт бу-газ электр станциясын салу жобасы үшін өз технологиясын ұсынды. Өз кезегінде облыс әкімі жапондық өнім сапасын жоғары бағалайтындығын білдірді. Алдағы конкурстарға қатысуды ұсынып, сәттілік тіледі. 

Айта кету керек, биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облысымызға Жапониядан жалпы сомасы 513 мың АҚШ долларын құрайтын тауарлар импортталған. Оның басым бөлігі автомобильдер мен олардың жиынтықтары, гербицидтер мен электр құралдары. 

Қазақстанда қазірдің өзінде жапон капиталының қатысуымен мұнай мен газ, металлургия, қаржы, тау-кен өнеркәсібі, автомобильдерді көтерме бағамен сату, электр байланысы, ағаш дайындау және логистика сияқты салаларда 80-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы