Тауарды маркетплейстерден үйге жеткізу жеңілдетілмек

Мәжіліс “Пошта туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева заңға қандай өзгерістер енгізілетінін түсіндірді.

Оның сөзінше, “Пошта туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастама жасаған.

Бүгінде пошта саласы трансформациядан өтіп жатыр. Алайда қазіргі кезде қағаз хаттарды, мерзімді басылымдарды жеткізу қызметтері азайып келеді. Осы жағдайда пошта байланысының логистикалық инфрақұрылымын жоғалтпау және дамудың оңтайлы жолдарын табу маңызды, - деді депутат.

Заң жобасы мыналарға бағытталған:

- пошта байланысы нарығын дамыту;

пароль (пин-код) енгізе отырып, құқықты растау процесі арқылы келісім алу жолымен адресаттарға, олардың заңды өкілдеріне, сенім білдірілген өкілдеріне не үшінші тұлғаларға пошта жөнелтілімін жеткізу және тапсыру рәсімін оңайлату;

- поштаматтарды орналастыру тәртібін нақтылау (ғимараттардың, құрылысжайлардың, пәтерлердің және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері пошта операторларына поштаматтарды шарттық негізде орнату үшін алаңдар бере алады);

- пошта саласындағы уәкілетті органның қызметін жетілдіру.

Қандай өзгерістер енгізілмек:

Біріншіден. Жеткізу тәртібі өзгереді. Цифрлық технологиялардың арқасында тиісті пин-код немесе QR-код болған кезде үшінші тұлғалардың поштаны қабылдап алу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар бұл тауарды маркетплейстерден пошта бөлімшесіне және үйге жеткізуді жеңілдетеді.

Екіншіден. Жобада сәлемдемелерді қабылдау үшін поштаматтарды орналастыру және пайдалану тәртібі көзделеді. Бұл норма оларды кондоминиум нысандарында орналастыру үшін қажет.

Үшіншіден. Бүгінде талап етілмеген кейбір әмбебап қызметтер алынып тасталады. Мысалы, пошта карталарын немесе бандерольдерді жіберу.

Төртіншіден. Талап етілмеген корреспонденцияны сақтау мерзімі қысқарады.

Бесіншіден. Пошта инфрақұрылымы бойынша ескірген нормалар алынып тасталады.

Сондай-ақ бірқатар норма пошта байланысы нарығын дамытуға және осы саладағы реттеушінің өкілеттіктерін нақтылауға бағытталған.

Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда қолдап, дауыс берді.

Еске сала кетейік, Енді Temu мен Pinduoduo тапсырыстарын Қазпоштадан алуға болатыны туралы осыған дейін жаздық. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан "Пошта туралы" заңға жыл сайын өзгеріс енгізіле беретінін айтып, жауапты органдарға сын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы