Тауар биржасындағы маклердің рөлі және мемлекеттік тілдің маңызы қандай?
Тауар биржасы – бұл тек цифрлық жүйелер мен өтінімдер ғана емес. Ең бастысы – адамдар, олардың өзара қарым-қатынасы және баршаға қолжетімді ашық орта. Сауда процесі мемлекеттік тілде жүргізілген жағдайда ғана ол толық инклюзивті болып саналады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы және өзге де маңызды мәселелер туралы «Каспий» тауар биржасының маклериат бөлімінің басшысы Жанна Сүлейменовамен сұхбаттастық. Ол маклердің күнделікті жұмысы, биржадағы коммуникация және қазақ тілінің іскерлік ортадағы маңызы жайлы ойымен бөлісті.
– Тауар биржасындағы маклердің негізгі міндеті қандай? Салада жұмыс қалай жүргізіледі?
– Тауар биржасында маклердің рөлі өте маңызды. Бұл – сатып алушы мен сатушы тарап арасындағы негізгі байланыстырушы көпір. Олар брокерлер де, дилерлер де бола алады. Маклер сауда барысын қамтамасыз етеді, олардың дұрыс өткізілуін қадағалайды. Екі тараптың да толыққанды қатысуынсыз сауданы өткізу мүмкін емес, бұл тауар биржалары туралы заңнамада тікелей бекітілген. Маклериат – бұл тек цифрлармен жұмыс емес, бұл адамдармен тығыз қарым-қатынасқа құрылған сала.
– Күнделікті жұмысыңызда қандай міндеттерді атқарасыз? Бір жұмыс күніңізді сипаттап берсеңіз...
– Маклердің жұмыс күні өткен сауданың талдауынан басталады. Бұл кезеңде баға динамикасы, қатысушылардың белсенділігі мен өтінімдердің ерекшеліктері мұқият қарастырылады. Бұдан кейін алдағы сауда сессиясына дайындық жүргізіледі: қатысушылардың рұқсаттары тексеріліп, олардың саудаға қатысу әлеуеті бағаланады.
Сауда сессиясы барысында маклер барлық рәсімдердің дұрыстығын, биржалық сауда ережелерінің қатаң сақталуын және заңнамалық талаптардың орындалуын бақылауға жауапты. Бұл – сауда процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ететін негізгі кезең.
Сессия аяқталғаннан кейін қорытынды жасалып, барлық мәмілелер тексеріледі. Олардың дұрыстығы расталып, қажетті құжаттар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бекітіледі.
– Даулы жағдайлар кездесе ме?
– Иә, жиі болып тұрады. Мысалы, клиент неліктен оның брокері немесе өзі жеткізуші ретінде саудаға жіберілмегені туралы сұрақ қойып, қоңырау шалуы мүмкін. Немесе өтінім берілген, бірақ өтпеген деген шағымдар бар және адамдар оның себебін білгісі келеді. Кейде компьютердегі дұрыс қойылмаған уақыт сияқты техникалық нюанстар сауда барысының дұрыс көрсетілуіне әсер етуі мүмкін. Осындай өтініштер тікелей маклерге келіп түседі.
– Қатысушылар тарапынан жиі қойылатын тағы қандай сұрақтар бар?
– Қатысушылардың негізгі өтініштері техникалық мәселелерге қатысты. Мысалы, белгілі бір саудаға қалай қатысуға болады, өтінішті қалай дұрыс беру керек, клиентті оның атынан саудаға қалай қосу қажет, сондай жағдайларда не істеу керек деген сұрақтар жиі қойылады.
Біз жаңадан бастаушыларға алғашқы бағыт-бағдар беріп, кеңес ұсынамыз. Ал тәжірибелі, белсенді қатысушылармен күрделірек сұрақтар бойынша жұмыс істейміз. Көбінесе адамдар: «Мен өнім сатқым келеді – неден бастаймын?» немесе «Мен өнім сатып алғым келеді, бірақ бұл қалай жұмыс істейтінін білмеймін» деген секілді сұрақтармен жүгінеді.
– Сізге мемлекеттік тілде жиі жүгіне ме?
– Иә, жиі. Біз әрдайым қазақ тілінде толыққанды жауап беруге және барлық қажетті ақпаратты ұсынуға тырысамыз. Біздің биржамыз өтінімдерді қабылдаудан бастап, есептерді ұсынуға және сауда процесін толық сүйемелдеуге дейін мемлекеттік тілде толық функционалмен қамтамасыз етілген.
– Қазақ тілін білу түсінбестікті жоюға көмектескен жағдайлар болды ма?
– Әрине. Әсіресе көршілес елдерден – Қырғызстан мен Өзбекстаннан қатысушылар бар, олар орыс тілінен гөрі қазақ тілінде сөйлескенді жеңіл әрі түсінікті деп есептейді. Мұндай жағдайларда қазақ тілін пайдалану қателіктер мен түсініспеушілікті болдырмай, процесті қолжетімді етеді.
– Сіздің жұмысыңызда қазақ тілін білу қаншалықты маңызды?
– Бұл – қарым-қатынастың маңызды бөлігі. Көптеген жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, әсіресе өңірлерде тек қазақ тілінде сөйлейді. Біз оларға ыңғайлы және түсінікті тілде қызмет көрсетуге және көмектесуге дайын болуымыз керек. Бізде интерфейстер, нұсқаулықтар, консультациялардың барлығы мемлекеттік тілде қолжетімді.
– Биржа нарығында тілдік қолжетімділікті қалай жетілдіруге болады?
– Қазіргі кезде заңнама қазақ тілін толық көлемде қолдануды толық қамтамасыз етпейді. Мысалы, «брокер», «дилер», «маклер» сияқты көптеген кәсіби терминдердің қазақ тілінде тұрақты аудармасы жоқ немесе олар әлі бейімделмеген. Бұл тілдің кәсіби ортада дамуына кедергі келтіреді.
Көптеген биржаларда қазақ тілін қолдану көбінесе тек қағаз жүзінде, яғни заң талаптарын орындау мақсатында ғана жүзеге асады және оның деңгейі төмен болады. Алайда тіл – бұл тек рәсім емес, жұмысқа қажетті тиімді құрал болу керек.
Біз Қазақстан туралы, мемлекеттік тілі қазақ тілі болып табылатын ел туралы айтып отырмыз. Сондықтан қазақ тілі бизнесте, келіссөздерде және құқықтық салада толыққанды қолданыста болуы қажет.