Тауар айналымы 17 млрд доллар. Ресей - Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі

Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық Форумының пленарлық отырысында екі елдің үкімет басшыларының орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук соңғы жылдары қол жеткізілген ынтымақтастық нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл форумға қатысушылар ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне назар аударып, өзара сауда, транзиттік бағыттар және ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыру тақырыптарын қозғады.

Ресей Федерациясы өзінің географиялық орналасуы және біздің елмен ортақ шекарасына байланысты Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2023 жылдың 8 айында өзара тауар айналымы 17 млрд доллар. Бұл ретте, Қазақстанның Ресеймен сауда-саттығының үштен бірінен астамы шекаралас аймақтарға тиесілі. Сыртқы экономикалық қызмет көлемі бойынша Алматы мен Астана көш бастап тұр, мұнда сауда айналымы 7,3 млрд теңге. Ресеймен белсенді сауда серіктестерінің бестігіне Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары кіреді, олардың Ресеймен тауар айналымы 5,7 млрд доллар.

Вице-премьер Серік Жұманғарин атап өткендей, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар қарқынды дамып келеді. Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия және Еуразиялық экономикалық комиссия ынтымақтастық пен шешімдерді әзірлеудің тиімді алаңы.

Бүгінгі таңда Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасында кооперациялық өзара іс-қимылды дамытуға және ЕАЭО-ның транзиттік әлеуетін нығайту үшін көлік-логистикалық тізбек құруға сүйенеді.

Тауарлардың Одақ елдерінің аумақтары арқылы біртекті қозғалысын қамтамасыз ету үшін навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, тасымалдауды қадағалау жүйесі енгізіліп, транзитті қамтамасыз етудің бас сертификатын пайдалану көзделеді, үшінші елдерден импортталатын тауарларды қадағалау жүйесі іске асырылады, дайындықтың жоғары сатысында ЕАЭО транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімнің жобасы тұр. Осы шаралардың барлығы транзитті жеделдету мәселелерін кешенді шешуге бағытталған, - деді Серік Жұманғарин өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында.

Вице-премьердің айтуы бойынша, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру бойынша цифрлық жоба іске қосылған. Одақ елдері болашақта Еуропа мен Азия, жаһандық оңтүстік пен солтүстікті байланыстырушы буын болады. Қазақстан ЕАЭО серіктес мемлекеттерімен ынтымақтастықта интеграциялық бірлестіктің логистикалық хабына айналуға дайын.

Келер жылы Еуразиялық одақ аясында өнеркәсіптік кооперация жобаларға қаржылық көмек көрсетудің жаңа тетігін іске асыру басталады.

Осы мақсаттарға жыл сайын ЕАЭО бюджетінен шамамен 20 млн доллар бөлінеді. Бұл жылына 200 млн долларға жуық бірлескен жобаларды қолдауға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық жобаларын іріктеу және оларға қаржылай көмек көрсету қағидаларын үкімет басшылары 2023 жылғы 26 қазанда бекітті, - деді Серік Жұманғарин.

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасарының айтуынша, желтоқсанда Мемлекет басшысына бекіту үшін ЕАЭО аясындағы экономикалық процестерді 2030 және 2045 жылдарға дейін дамыту туралы «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясын ұсыну жоспарланып отыр.

Декларацияны қабылдау алдағы 5 жылға арналған интеграцияны дамытудың стратегиялық көрінісі болып табылады. Бұл ең алдымен елдерімізді азық-түлік өнімдерімен және қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, өнеркәсіптік кооперацияны қарқынды дамыту, транзиттік-көліктік әлеуетті дамытуға ықпал ету, - деп нақтылады Серік Жұманғарин.

Алдағы уақытта тараптар алға қойылған мақсаттарға жетудің кезең-кезеңімен жоспарын әзірлейтін болады.

Вице-премьер Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды. Ынтымақтастық перспективалары туралы айта келе, Серік Жұманғарин қазақстандық тараптың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы жобаларды дамытуға мүдделі екенін айтып өтті. Атап айтқанда, Қазақстанның сиыр етінің экспорттық әлеуетін арттыруға айтарлықтай мүмкіндіктері бар.

Бұл тұрғыда елдеріміздің ветеринариялық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау саласындағы ақпараттық жүйелерді біріктіру жөніндегі өзара іс-қимылды дамыту өте маңызды, - деді.

Пленарлық отырыста Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, РФ Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Максим Увайдов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенко, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Самара облысының губернаторы Дмитрий Азаров, Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің төрағасы – «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов және Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңесінің төрағасы, «Башқұрт сода компаниясы» АҚ бас директоры Эдуард Давыдов сөз сөйледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: telegram.org/k/#@forumKazakhstanRussia
Өзгелердің жаңалығы