18 Қыркүйек 2026, 15:35 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Тау туризмі: Сарапшы Алматы экономикасының жаңа мүмкіндіктерін атады

Алматы Орталық Азиядағы тау туризмінің орталығы ретінде танылғанымен, өңірдегі көптеген демалыс орындары мен тау курорттарының жұмысы әлі де қысқы шаңғы маусымы мен жазғы жаяу серуен кезеңіне тәуелді. Соның салдарынан көктем мен күзде туристер саны азайып, инфрақұрылым толық пайдаланылмай қалады. Бұл туралы қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланыс мәселелері бойынша сарапшы Андрей Андреев айтты BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның пікірінше, Алматының тау кластері жыл бойы табыс әкелетін салаға айналуы үшін табиғи жағдайларға ғана сүйенетін модельден бас тартып, туристерге әсер мен тәжірибе ұсынатын жаңа тәсілге көшу қажет.

Көктем мен күзде туристерді қалай тартуға болады?

Сарапшы Іле Алатауындағы көктем мен күздің өзіндік ерекшеліктері бар екенін атап өтті. Бұл кезеңдерде жауын-шашын жиілеп, соқпақ жолдар лайсаң тартады, көктемде қар көшкіні қаупі күшейеді, ал кенелер белсенді бола бастайды.

Сондықтан дәл осы уақытта шатырлы немесе экстремалды туризмге басымдық беру тиімді емес. Туристерді тартудың басқа мүмкіндіктерін қарастыру қажет, – деді Андреев.

Оның айтуынша, ең алдымен сауықтыру және термалды туризмді дамыту маңызды. Мысалы, Алма-Арасан мен Горельник маңындағы ыстық бұлақтар аумағын жаңғыртып, шипажайлар, спа-орталықтар мен тынығу кешендерін көбейтуге болады.

Суық әрі жаңбырлы ауа райы спа-қызметтері үшін өте қолайлы жағдай қалыптастырады, – деді сарапшы.

Сонымен қатар ол оқиғалық туризмге көңіл бөлу қажеттігін айтты. Сарапшының пікірінше, күзде апорт алмасы мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері жиналатын кезеңде гастрономиялық фестивальдер өткізуге болады. Сондай-ақ тауда өнер резиденцияларын, әдеби және музыкалық демалыс күндерін ұйымдастырудың әлеуеті жоғары.

Андреев құс бақылау туризмі мен гүлдерді тамашалауға арналған экологиялық турлардың да болашағы зор екенін айтты.

Көктемде Іле Алатауында жабайы қызғалдақтар, Сиверс алмасы мен өрік ағаштары гүлдейді. Мұндай бағыттар ауқымы жағынан шағын болғанымен, шетелдік туристер арасында сұраныс жоғары әрі табысты болуы мүмкін, – деді ол.

Сарапшы корпоративтік туризмді де маңызды бағыттардың бірі ретінде атады.

Көктем мен күз – бизнес үшін белсенді кезең. Осы уақытта тау қонақүйлері конференциялар, стратегиялық сессиялар мен тимбилдинг өткізуге қолайлы алаңға айнала алады, – деді Андреев.

Әлемдік тәжірибеден не үйрену керек?

Сарапшының айтуынша, Еуропадағы Альпі өңірі мен Солтүстік Америкадағы тау курорттары маусымаралық кезең мәселесін әлдеқашан шешкен.

Олардың басты ұстанымы – қызмет түрлерін әртараптандыру. Мәселен, Швейцария мен Австрияда тау шаңғысы курорттары медициналық және сауықтыру орталықтарына айналған. Маусымаралық кезеңде олар детокс бағдарламаларына, күйзелістің алдын алуға және медициналық туризмге басымдық береді, – деді ол.

Канададағы Уистлер курортының тәжірибесіне тоқталған сарапшы күз мезгілінде тау велосипедіне арналған инфрақұрылым мен ірі фестивальдердің қонақүйлерді толық толтыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай-ақ ол Еуропада кең таралған кешенді туристік пакеттер үлгісін мысалға келтірді.

Қонақүйлер көлік компанияларымен және мейрамханалармен бірлесіп, қазан немесе сәуір айларында 40–50 пайыз жеңілдікпен ұсынылатын «бәрі қамтылған» пакеттерді әзірлейді. Бұл ішкі туризмді дамытуға көмектеседі, – деді Андреев.

Алматыда қандай бағыттар жетіспейді?

Сарапшы қазіргі таңда Алматыда маусымаралық кезеңге арналған жайлы демалыс нысандары жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, қолданыстағы инфрақұрылым негізінен екі бағытқа бөлінген: қымбат премиум-қонақүйлер және ешқандай жағдай жасалмаған табиғи бағыттар.

Бағасы қолжетімді әрі жайлы жабық демалыс орындары аз. Дәл осы орта сегментті дамыту қажет, – деді ол.

Андреев бірнеше басым бағытты атады. Оның пікірінше, ауа райына қарамастан жұмыс істей алатын глэмпингтер мен экологиялық қонақүйлердің санын көбейту керек.

Сонымен бірге туристер лайға батпай жүре алуы үшін танымал бағыттарды абаттандырып, ағаш төсеніштер мен қиыршық тас жолдар салу қажет.

Сарапшы визит-орталықтардың маңызын да ерекше атап өтті.

Аюсай мен Горельник визит-орталықтарының тәжірибесі көрсеткендей, адамдарға жылы жерде отырып кофе ішуге, дәріс тыңдауға, кәдесый сатып алуға немесе таза дәретхана пайдалануға мүмкіндік беретін нысандар өте қажет. Мұндай орталықтардың желісін кеңейту керек, – деді ол.

Жыл бойғы туризм бизнеске қалай әсер етеді?

Андреевтің пікірінше, туризмнің төрт маусым бойы жұмыс істеуі Алматы тау кластерінің экономикасын түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Қазір көптеген кәсіпорын жаз бен қыс мезгілінде ғана қызметкерлер жалдайды. Егер жұмыс жыл бойы жүрсе, білікті мамандарды ұстап қалуға мүмкіндік туады. Бұл қызмет көрсету сапасын арттырады, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, маусымаралық кезеңде тұрақты табыс көзі пайда болса, мейрамханалар, гидтер, тасымалдаушылар мен жабдық жалға беру компаниялары қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізеді.

Күзгі фестивальге немесе көктемгі демалыс бағдарламасына келген турист тек қонақүйге ақша жұмсамайды. Ол жергілікті фермерлердің өнімдерін сатып алады, көлік қызметін пайдаланады, қаладағы дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарына барады. Осылайша туризм көптеген саланың дамуына ықпал етеді, – деді ол.

Қандай инфрақұрылым қажет?

Сарапшы маусымаралық туризмді дамыту үшін ең алдымен қауіпсіздік пен базалық инфрақұрылымға инвестиция салу керек деп санайды. Оның пікірінше, туристік бағыттарда жылы әрі экологиялық дәретханалар салу маңызды.

Суық мезгілде немесе жаңбырлы ауа райында қарапайым санитарлық жағдайдың болмауы – отбасылық және шетелдік туризмді тежейтін негізгі факторлардың бірі, – деді Андреев.

Сонымен қатар көктем мен күзде сел, көшкін және тас құлау қаупі артатынын атап өткен сарапшы жылыту бекеттерінің санын көбейтіп, төтенше жағдайлар туралы ерте ескерту жүйесін енгізуді ұсынды.

Ұялы байланыс ұстамайтын аймақтарда SOS-маяктар орнату қажеттігін де айтты. Көлік қатынасына қатысты ол экологиялық шаттл автобустарын іске қосуды ұсынды.

Маусымаралық кезеңде жолдар жиі көктайғақ болып немесе бүлініп жатады. Сондықтан тау курорттары мен туристік лагерьлерге қатынайтын қауіпсіз қоғамдық көлік қажет, – деді сарапшы.

Сондай-ақ ол туристерге жаңбырдан немесе қардан паналауға мүмкіндік беретін шағын тау баспаналарын салуды ұсынды.

Андреевтің айтуынша, Алматыдағы маусымаралық кезең мәселесі климатқа емес, туристік өнімнің жеткіліксіздігіне байланысты.

Жазда адамдар табиғатты көруге келеді. Ал көктем мен күзде олар табиғат аясындағы жайлылықты іздейді. Сондықтан қауіпсіздікке, визит-орталықтарға, соқпақ жолдарға, санитарлық инфрақұрылымға және сауықтыру мен іскерлік туризмге инвестиция салынса, бүгінгі «өлі маусымдарды» тұрақты табыс көзіне айналдыруға болады, – деп түйіндеді сарапшы.

Айта кетейік, Алматы таулары жыл бойы туристерді қызықтырады. Дегенмен әр маусымның өз ерекшелігі бар. Қыста жұрт шаңғы мен сноуборд тебуге келсе, жазда жаяу серуендеп, табиғат аясында демалады. Ал көктем мен күз екі негізгі туристік маусымның арасындағы өтпелі кезең болып отыр: қыстық демалыс түрлері аяқталып қалады немесе әлі басталмайды, ал жазғы бағыттарға шығу әрдайым мүмкін бола бермейді. Осы аралықты да толыққанды туристік маусымға айналдыруға бола ма? Ол үшін не қажет? Бұл туралы Қазақстан туристік қауымдастығының (ҚТҚ) менеджері Алмат Түзубаев BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.