Тау шаңғысы мен туризм саласы бірге дамымақ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен FIS (Халықаралық шаңғы федерациясы) 2021 жылы өтетін Әлем кубогі үшін могул мен слалом бойынша жаңа фристайл трассасын салу туралы келісімге келді.
Бұл туралы "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортының басшылары мен FIS фристайл командасының басшысы Джозеф Фицджералд арасындағы кездесу барысында айтылды.
Еске салайық, 28 ақпаннан 1 наурызға дейін Шымбұлақта фристайл-могулдан параллельді могул кезеңіне әлемнің 14 елінен 128 адам қатысқан FIS Әлем кубогі өтті. Бұл жарыс түрі 2026 жылы Италияда Кортина д'Ампеццода өтетін Олимпиада бағдарламасына енбек.
Аталған шара спорт сүйер қауымды тау-шаңғы спортының ерекше түрі ретінде қызықтырып, көптеген көрермен жинады. Могул күндері Шымбұлаққа 11 мыңнан астам адам келгені байқалған.
Мұндай ауқымдағы жарыстарды өткізу қазақстандық спорт үшін, туризм индустриясының дамуына және жалпы елдің экономикасына үлкен серпін береді. Бұл біз үшін шетелдік қонақтарға ауқымды іс-шараны гаджеттер немесе теледидар экрандарында емес, шынайы түрде көрсете алуға зор мүмкіндік болды. Сондай-ақ, мұндай шаралар еліміздегі шаңғы курорттарының дамуы, шаңғы спорты мәдениетінің өсуі, еліміздің білікті спортшылары мен климаттық жағдайлардың ерекшеліктерін танытуда және өзге де мүмкіндіктерімізді көрсетуде жақсы құрал бола білді. Шетелдік қонақтар үшін бұл біздің елге тек спорттық іс-шаралар кезінде ғана емес, сонымен бірге елді туристік бағыт ретінде таңдауға да серпін болады, - деді "KazakhTourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев.
"Шымбұлақ" курорттық аймағының мәліметінше, бір жыл бұрын өткен осындай спорттық оқиғадан соң тау курортына деген қызығушылық 40% өскен. Ал, 2019-2020 жылы қысқы маусым ашылғаннан кейін 2 ай ішінде курортқа 120 мыңнан астам адам келген. Аталған тау курорты Үндістаннан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, Кореядан, Қытайдан, Ресейден, Түркиядан, АҚШ пен Германиядан келген көптеген туристерді таң қалдырған.
Әлем спортшылары қардың ерекшелігі мен ауа райының қолайлылығына байланысты жаттығуларды Шымбұлақта өткізуді жөн көреді. Мәселен, осы маусымда таулы курортқа Кореядан 175 кәсіби спортшы келген.