Тау: Қобыланды, Қабанбайларды білмейтін бала «Человек паук, Бэтмендерді» жетік білетін күнге жеттік

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тағы бір тоқтала кететін келесі түйткілді мәселе – отандық мультипликация саласы. Бүгінде, үлкен экран арқылы жас буынның жаңа қаһармандары пайда бола бастады. Қобыланды, Қабанбайларды білмейтін бала Человек паук, Бэтмендерді жетік білетін күнге жеттік. Алайда, өзге елдің «өгей батырлары» өз елдерінің құндылықтарын насихаттайтындығы анық. Шетелдік мультфильмдер тасқыны әлі күнге дейін өскелең ұрпақтың санасын жаулап, ақылын улап барады, - деп айтты депутат.

Сондай-ақ оның сөзінше, интернет желісінде жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі әрі сапалы контенттің аз болуы – мемлекеттік тілдің дамуын тежеп тұр және балалардың санасына кері септігін тигізіп келеді.

Бүгінде интернет, ұялы телефон дегендер – тәрбие құралына айналды. Балаларды да осылар тәрбиелеп жатыр. Сол себепті де, қазіргі уақытта қазақы отбасында туғанымен, тілі орысшаға бейім ұлты қазақ, алайда басқа тілді балалар көп болып барады. Осының барлығы қазақтілді контенттің жоқтығы әрі әлсіздігі. Кино, мультфильм және интернет желісінің мәдени-идеологиялық қуатын ерте аңғарған елдер осы салаға аса мән беріп келеді, - деп айтты Нұргүл Тау.

Депутат әлемнің озық үлгілерін меңгере отырып, отандық туындыларды көбейтіп, қазақтілді сапалы контентті кеңейту керегін алға тартты.

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына «интернеттегі қазақтілді контентті дамыту бойынша» толықтыру енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ депутат отандық мультипликация саласын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан ұлттық құндылықтарды заманауи түрде жеткізетін мемлекеттік тілдегі жобаларға субсидиялар бөлуді ұсынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы