Тау-кен кешені еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев және Еуропалық комиссияның вице-президенті Марош Шефчевич Astana Mining & Metallurgy XIII халықаралық тау-кен металлургия конгресінің ашылуына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомство басшысының айтуынша, қазір аталған конгресстің беделі артып, мұнда өзекті мәселелерді шешуден бөлек салаға инвестиция тартудың тиімділігі көп.

Бұл ретте тау-кен секторында шамамен 12,4 трлн теңгеге өнім өндіріліп, бұл еліміздің ІЖӨ-нің 8,7%-ын алатынын айта кеткен орынды.

Тау-кен металлургия конгресі мемлекеттің пен бизнесті, сондай-ақ ғылымды байланыстыратын негізгі алаңға айналып, еліміздің экономикалық дамуында маңызды орын алады. Мемлекет басшысы қазақстандық кәсіпорындар өндіретін барлық шикізатты өңдеу бойынша тапсырманы берген болатын. Осы тапсырманы орындау аясында ҚР ИИДМ «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заңды әзірлеп, бұл реформа қабылданды. Құжатқа біздің ведомствоның өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын ерікті түрде отандық шикізатпен қамтамасыз ету қағидаларын әзірлеп, бекіту жөніндегі құзыреті енгізілді, - деді М.Қарабаев.

Осы саладағы компаниялар 160 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, бұл тұтастай өнеркәсіптегі қызметкерлердің үштен бірін (27%) құрап отыр.

Алайда қазір жаһандық нарықта өнеркәсіптегі көміртегін азайту бойынша талап күшейтіліп келе жатқанын ескерсек, 2030 жылға қарай әлемдегі тау-кен компаниялары зиянды қалдықтардың үштен бір бөлігін азайтуды көздеп отыр.

2020 жылы Мемлекет басшысы Париж келісіміне сәйкес Қазақстан 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын жеткізген болатын.

Осыған байланысты биыл ақпан айында Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртек бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді,- деді Марат Кәрімжанұлы.

Аталған стратегияда көрсетілгендей, еліміздегі өнеркәсіп орындарынан тарайтын парник газдарының едәуір бөлігі цемент, алюминий, темір және болат өндірісіне тиесілі. Демек республика аумағындағы өнеркәсіп өндірісінен шығатын барлық зиянды қалдықтың 91%-ы аталған саланы игерген компаниялардан тарайтынын аңғаруға болады.

 

Сондықтан да Қазақстанның экономиканы карбонсыздандыруға қатысты бастамаларында отандық металлургиялық алыптарға зор жауапкершілік жүктелген.

Бұған қоса ведомство басшысы көміртек бейтараптығына жету мақсатындағы маңызды бағыттардың бірі «жасыл» энергияны өндіру саналатынын айтты. Өйткені Қазақстандағы электр энергиясының 70%-ға жуығын көмір электр стансалары өндіріп келеді.

Экологиялық энергетиканы дамыту үшін 2022 жылы Қазақстан мен Еуропалық одақ орнықты шикізат, таза қуат батареялары және «жасыл» сутектің құн тізбегін құру бойынша стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойған еді. Оны іске асыру үшін «жасыл» сутегі өндірісіне ерекше назар аударалып, энергетика және өнеркәсіп секторын карбонсыздандыру үшін Қазақстанда жаңғырмалы энергия көздерін дамытуды көздейтін Жол картасы қабылданды.

Өндірісті карбонсыздандыру жөніндегі саясатты әр кәсіпорын бойынша жеке қарастырмай, тұтастай компаниялардың стратегиясына біріктірілуі қажет. Бұл бағыттағы жоспарлар мен жетістіктерді жариялайтын компаниялар ұзақмерзімді инвестициялық портфельді тиімді қалыптастырып, инвесторлардың сенімін иеленіп, нарықтағы беделін арттыра түседі деп үміттенеміз. Бұл форум жоғарыда айтылған игілікті бастамаға өз үлесін қосатынына сенімдімін,-  деді М.Қарабаев.

Бұдан бөлек аталған іс-шараның аясында М.Қарабаевтың Еуропалық комиссияның вице-президенті М.Шефчевич пен Канададан келген іскер топ өкілдерімен екіжақты кездесуі жоспарланған.

Осы орайда алқалы жиынға CRISCO-ның Президенті Эдсон Рибейра, YDA Group төрағасы Хусейн Арслан, Zijing Mining вице-президенті Чао Янг, Еуразиядағы BBC World News өкілдігінің басшысы Сергей Становкин, салалық министрліктердің басшылары және Еуразиялық топ, «Алтыналмас», «АрселорМиттал Теміртау», «Қазмырыш», KAZ Minerals және басқа да ірі металлургиялық компаниялардың өкілдері қатысқанын айта кетейік. Тұтастай алғанда, бас шаһардағы халықаралық конгреске 23 елдің өкілдері келді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ИИДМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы