Тау-кен ісі және геоғылымдар мектебінің жойылуы: Қазақстан не жоғалтуы мүмкін?

Соңғы айларда Қазақстанның академиялық және индустриялық қауымдастығында алаңдаушылық күшейіп келеді. Назарбаев Университетіндегі Тау-кен ісі және геоғылымдар мектебінің (SMG) болашағы талқыланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мектепті Инженерлік факультетпен біріктіру ұсынылғанымен, сала мамандары энергетикалық трансформация, критикалық минералдарға көшу және жер қойнауын пайдалануды цифрландыру жағдайында Қазақстан маңызды ғылыми-білім беру тірегінен айырылып қалу қаупіне тап болып отырғанын айтады.

Қазіргі кезде кен орындарын игеру күрделеніп, назар қиын алынатын және стратегиялық маңызы бар ресурстарға ауысып отыр. Сол себепті геоғылым саласындағы мамандарға қойылатын талаптар айтарлықтай артты. Заманауи геология – тек далалық зерттеу ғана емес, кеңістіктік-уақыттық деректерді кешенді талдау, ықтималдық моделдеу және пәнаралық әдістерге негізделген ғылым. Мұндай жұмыс үшін дербес, әдіснамалық тұрғыдан тұтас академиялық ортаның болуы қажет, - деді “Ұлттық геологиялық қызмет” АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев.

Ол қазір салада жоғары білікті кадрлардың тапшылығы сезіліп жатқанын, әсіресе геологтар, геофизиктер және жер қойнауын цифрлық модельдеу мамандары тапшы екенін айтты.

Салаға күрделі геологиялық жүйелерді түсінетін, белгісіздік жағдайында жұмыс істей алатын және ғылыми негізделген болжамдар жасай алатын мамандар қажет. Ал мұндай кадрларды профильдік мамандану әлсіреген жағдайда даярлау мүмкін емес, - деді Ғалиев.

Сондықтан оның сөзінше, Тау-кен ісі және геоғылым мектебін дербес құрылым ретінде сақтау ғылыми мектептердің қалыптасуы мен сабақтастығын қамтамасыз ету үшін маңызды.

Геоғылымдар ұзақ мерзімді білім мен тәжірибеге сүйенетін сала. Мұнда зерттеу дәстүрінің жалғастығы, өзіндік әдіснама және сараптамалық шоғырлану шешуші рөл атқарады. Мектепті кең инженерлік құрылымға біріктіру зерттеулердің тереңдігін төмендетіп, негізгі бағыттардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін, - деді “Ұлттық геологиялық қызмет” АҚ басқарма төрағасы.

Ерлан Ғалиев Тау-кен ісі және геоғылымдар мектебінің дербестігі іргелі ғылым мен практикалық міндеттердің арасындағы байланысты сақтайтынын жеткізді. Осындай орталарда тектоникалық модельдеу, геофизикалық деректерді талдау, ресурстар мен тәуекелдерді бағалау сияқты озық бағыттар дамитынын атады. Бұл мемлекетке стратегиялық шешімдер қабылдауда өз ғылыми сараптамасына сүйенуге мүмкіндік береді.

Сала мамандары, Тау-кен ісі және геоғылымдар мектебінің жойылуы университет ішіндегі құрылымдық өзгеріс қана емес, бұл Қазақстанның ресурстар, технологиялар және адами капитал үшін жаһандық бәсекеде алатын орны туралы мәселе екенін айтады. Елдің геология саласындағы өз құзырет орталығын сақтай алуы болашақ мамандардың сапасына, ғылыми шешімдердің тәуелсіздігіне, саланың инвестициялық тартымдылығына және энергетикалық өтпелі кезең сын-қатерлеріне жауап беру қабілетіне тікелей әсер етеді.

Бүгін, салалық әріптестер ашық түрде алаңдаушылық білдіріп отырған шақта, қоғамдық диалог уақыты келді. Қазақстан университет құрылымын ғана емес, стратегиялық маңызы бар саланың болашағын айқындайтын шешімдер алдында тұр. Бұл диалогта академиялық қауымдастықтың, индустрия мен мемлекеттік органдардың дауысы анық естілуі тиіс, - деп санайды сала мамандары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қазақмыс, ERG
Өзгелердің жаңалығы