Тау-кен, агроөнеркәсіп, тұрғын үй құрылысын қолдау шаралары қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Салаларды қолдау шаралары туралы бүгін өткен Үкімет отырысы барысында ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

Тау-кен металлургия кешенін қолдау шаралары аясында қосылған құн салығын автоматты қайтару шегі 80 пайызға дейін ұлғайтылады. Бұл жыл соңына дейінгі кезеңде 2020 жылдың 1-3 тоқсаны аралығындағы салықты өтеуді жеделдетеді. Аванстық корпоративтік табыс салығының бір бөлігін келер жылдың 10 сәуіріне ауыстыру жоспарда. Рентабельдігі төмен кен орындары үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендетілген мөлшермен беру мәселесі жедел қаралады. Сондай-ақ, кедендік аумақта қайта өңдеу режимі үшін кедендік бақылау рәсімі жеңілдетіледі. Құжат көшірмелерін растаушы құжат ретінде пайдалануға уақытша рұқсат беру жоспарланып отыр, - деді ол.
Ұлттық экономика министрі Үкімет отырысындағы баяндамасы барысында субсидияланатын шикізат санатын кеңейту жоспарланып отырғанын жеткізді. 
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шаралары аясында форвардтық келісімшарттарды енгізу, "ҚазАгро" кредиттері бойынша мерзімін ұзарту және рестуктуризациялау жолымен қаржыландыру тетіктерін кеңейту жоспарлануда. Мұнан басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін кепілді сатып алу шарты банктерде "тұрақты кепіл" деп танылатын болады. Субсидияланатын шикізат санатын кеңейту де жоспарланып отыр. Пилоттық режимде "Егістіктен сөреге дейін" қаржыландыру тетігі енгізіледі. Бұл - аграрлық өнімді тұрақты сатып алу және өткізу жүйесі, - деді ол.

Руслан Дәленов құрылыс саласын қолдау шаралары аясында кәсіпорындар қызметін жедел қалпына келтіру шаралары қарастырылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, нысандарды жедел жобалау мен салу үшін арнайы нормалар әзірленетін болады. 
"Жұмыспен қамту жол картасы" объектілерін салу кезінде отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын сатып алу қамтамасыз етіледі. Одан басқа құрылыс монтаж жұмыстарын мемлекеттік сатып алу бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдері автоматты түрде ұзартылады. Бұл ретте міндеттемелерді осы жылдың соңына дейін орындау қажет. Сенімді жеткізушілер  түріне және инфрақұрылымдық нысандарды салу кезінде банк кепілдігінің баламасы ретінде сақтандыру полисін пайдалана алады. Бұл компаниялардың шығындарын қысқартады. "Нұрлы жер" бағдарламасында сатудың шекті белгіленген бағалары бойынша өзгерістер енгізіледі. Тұрғын үй құрылысы бойынша "5-10-20" жеңілдетілген несие берудің пилоттық жобасын іске қосу жоспарлануда. Құрылыс саласының субъектілеріне шағын және орта бизнеске кредит беру бағдарламасына қатысу мүмкіндігі беріледі. Ол шаралар мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына құрылысшылар мен қатысушылар тобын кеңейтеді, - деді ол.
 
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрі экономиялық өсімді қалпына келтіру жөніндегі 2020 жылдың соңына дейінгі кешенді жоспарды таныстырып, өнеркәсіпті дамыту қорын құру ұсынылғанын айтқан болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы