Тау бөктері қаншалықты көркем болса, соншалықты қауіпті – құтқарушы

Елімізде тау туризмі кең етек алып, алыс-жақын шет елдік туристердің қызығушылығын оятып, тау шыңын бағындырушылардың саны артып келеді. Алайда тауда жүру байыпты дайындық пен тәртіпті қажет ететін, кез келген сәтте басыңа қатер төнуі мүмкін мекен саналады. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Алматы қаласы Құтқару қызметінің 3-санаттағы құтқарушысы Бахыт Данабековпен таудағы қауіпсіздік шаралары жайлы сұхбаттасты.

Тауда қысқы маусым кезеңінде қауіп-қатер көп, оларды белсенді демалыстың әуесқойлары жиі елеусіз қалдырып жатады. Бұл уақытта тау, әсіресе Алматының жергілікті тұрғындары мен туристері шаңғы, сноуборд теуіп немесе жәй соқпақта серуендеп уақыт өткізуді қалайтын аумақ қаншалықты көркем болса, соншалықты қауіпті.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Тауда адамдардың көпшілігі адасып кетіп жатады, бұның себебі неде?

- Адамдар тауға шығуды жәй серуендеп қайтатын орын деп ойламауы керек. Ең алдымен тауға шығарда жақсы жоспар құру қажет. Елімізде туризм саласы дамып келеді, дегенмен адамдардың тауға шығу сауаттылығын, білімін арттыру қажет. Шыңды бағындырғың келсе, сол мекенді зерттеп, зерделеп алған артық етпейді. Менің айтарым, ең бастысы тауға жалғыз бармау керек. Себебі жалғыз жүріп адасып кетудің қауіптілігі жоғары. Сондай-ақ туристердің көпшілігі өзінің физикалық тұрғыдағы шамасын білмей, өте биік шыңдарды бағындыра аламыз деп ойлайды. Бұдан бөлек, таудың қауіпті аймағы болады, тура жүріп жетіп аламын деп бас ауған жақпен жүрудің аяғы қайғылы оқиғалармен аяқталады.

- Тауға шығарда нені ескеріп, өзімен қандай заттарды алып шығу керек?

- Қаладағы жылы ауа райына сеніп, тауда да солай болуы мүмкін деуге болмайды. Тауда күн тез суып, боран, тұман болуы мүмкін. Уақыттың өгеруіне байланысты, қазіргі уақытта күн ерте батады. Сол себептен тауға ерте қамдану қажет. Күн батпай, қонатын орын дайындау керек немесе қалаға қайтқан жөн. Жол бойы жүретін болғандықтан жүрек жалғап алатын, тіске басар тамақ, ішетін су мен шай, тәттілер алып алған абзалырақ. Ең бастысы тауға шығатын адам арнайы киімдерді киген жөн. Себебі дұрыс киіну – қалың киімдерді іліп алу емес. Жоғалып кеткен адамдардың көпшілігі арнайы киімдерді киіп шығудың орнына күртеше мен джинсы шалбармен жүреді. Әсерінен жорықта шаршаған адам суықтан мұздап, бір орыннан қозғала алмайды. Әлі жетпеген адам құтқарушыларға хабарласып, өзін құтқаруын сұрайды. Осы жабдықтардың ішінде ең маңызды орын алатын – аяқ киім, таяқшалар. Себебі таулы аймақта оларсыз қозғалу өте күрделі.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Адамдардың көпшілігі қандай жағдайда, ауа райында, қай мезгілде көп жоғалады?

- Алматы қаласының маңайындағы тауларда жылдың төрт мезгілінде де серуендеуге болады, егер қай мезгілде қай аймаққа баратыныңды білсең. Себебі қысқы, көктемгі уақытта жаңадан қар жауып жатқан кезде немесе қыста жиналған қардың массасы көп болып, көшкін қаупі болуы мүмкін. Жазда ауа райы жақсы болғандықтан, негізінде адамдардың басым көпшілігі жаз мезгілінде шығады. Сол себептен адасып кететіндердің көпшілігі жаз айларында кездеседі.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Жоғалған жандарды кейде апталап іздейсіздер, жұмыс қиын емес пе?

- Жұмыстың оңайы жоқ демекші, сауабы мол жұмыс болғандықтан, өзіңді жоғалып кеткен адамның орнына қоясың. Біздің де бала-шағамыз, жақындарымыз бар. Олар да қиын жағдайға түссе, біз не істер едік деген ой итермелейді. Сол себептен адасқан адамға тезірек көмек қолын беруге асығамыз. Жұмыс барысында ұзақ уақытқа созылған іздеу жұмыстары болады. Көбіне қардың қалың жауып, адамның жүрген ізін жауып қалуынан болады. Көп жағдайда қаза тапқан адамдардың денесі 4-5 күннің ішінде табылады. Ұзаққа созылған іздеу жұмыстарында қардың ерігенін күтіп, сол маңайларға шолу жасалады.

- Адамдарды құтқару кезінде денсаулықтарыңызға қауіп төнген кез болды ма?

- Таулы аймақ, қатыгез орта болғандықтан құтқарушы қызметімізді абыроймен атқарып, қиын, оңай іздестіру жұмыстары болса да өз ісімізді жасаймыз. Басымызды кейде қауіп-қатерге тігетін сәттер болады. Жылдың қай мезгілі болмасын, жаңбыр мен қарға қарамаймыз. Ауа райынының құбылмалылығы денсаулыққа әсер етіп, ауырып, кішігірім жарақат алып қалатын кездер болады.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Тауға шығып, демалатындарға қандай кеңес бересіз?

- Туристерге беретін кеңесім – ең алдымен дұрыс орта таңдап алған жөн. Жеңіл-желпі, арзан ақшаға шығаратын гидтермен байланыспауын, ал өздігімен шығатын болса, алдын ала жабдықтарды сатып алып, немқұрайлы қарамай, соның барлығын дұрыс пайдаланып үйрену қажет. Тағы бір айта кететін жайт, мен секілді туризм немесе альпинизм курсын оқып алып, содан кейін серуенге шыққан жөн. Алматы қаласында балаларды, ересектерді дайындайтын туристік орта, төрт альпинистік клуб бар. Сол жерлерден тауға шығу жолдарын үйренуге болады.

- Адам жолдан адасып кеткенін білген сәтте не істеу қажет? Қалай әрекет етпек керек?

- Адам тауда адасқанын түсінген кезде ұялы байланысы немесе басқа да құрал арқылы көмек шақырып, қай жерде тұрғаны, отырғаны жайлы ақпарат беріп, бір орында құтқарушыларды күту қажет. Ол ең бірінші қағида. Алыс болмаса да 4-5 шақырым жол жүріп, тұман басып қалса, құтқарушылар таба алмай қалуы мүмкін. Сол себептен межеленіп, нақтыланған орында тұрса, құтарушыларға адамды табу оңайырақ болады. Кейде суық ауа райында адам бір орында тұра алмаса, ұялы байланыс арқылы адамдарға бағыт-бағдар беріп, қауіпсіз жерде күтуін сұраймыз. Егер адам жарақат алса, қауіпсіз орында бұғып отыру керектігін айтамыз. Тауға өзіміз көп шыққаннан кейін ойлы-қырлы жерлерін жақсы білеміз.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Жұмысыңыздағы қызықтарды айта кетсеңіз.

- Кез келген жұмыс секілді, құтқарушы қызметінің өзіндік қызықтары мен қуанышы бар. Біздің әріптестеріміз өте бауырмашыл. Ауысым сайын түскенде өзмізді бір отбасы сезінеміз. Мейрамдарды бірге қарсы аламыз. Жұмыс барысында бірге ыстыққа да, суыққа да көнгендіктен, бауырлар секілді араласамыз. Мен альпинизммен 2015 жылдан бері айналысып келемін. Ал құтқарушы болып жұмыс істеп жүргеніме екі жарым жыл болды.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы