Тәтті сусындарды тұтыну есте сақтау қабілетін нашарлатады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ғалымдар кеміргіштерге тәжірибе жасады. Тәжірибе барысында қант қосылған сусындар еске сақтау қабілетін нашарлататыны анықталды. Сонымен қатар тәжірибе арқылы мамандар ішек бактерияларының спецификалық өзгерістері мен ми функциясының бұзылуы арасындағы байланыстың аражігін ажыратты.

Naked Science хабарлауынша, нейробиолог Скотт Каноски көптеген жыл бойы тамақтану мен ми қызметінің арасындағы байланысты зерттеп келген. Оның зерттеу жұмыстары тәтті сусындарды тұтыну егеуқұйрықтың еске сақтау қабілетін төмендететінін көрсеткен. Сондай-ақ бұндай сусындардың ішек микробиомасын өзгертетіні де анықталды.

Ол Калифорния университеті мен Джорджия университеті ғалымдарымен бірлесіп, микробиома мен еске сақтау қабілетіндегі өзгерістер арасында тікелей байланыс бар ма екенін зерттеп көрді.

Олардың жұмыстары Translational Psychiatry журналында жарияланды.

Ғалымдар «жасөспірім» егеуқұйрықтарға адамдар тұтынатын тәтті сусындарды емін-еркін ішуге мүмкіндік берді. Шамамен бір ай өткен кезде, яғни кеміргіштер өскен кезде зерттеушілер олардың есте сақтау қабілетін екі тәсіл арқылы тексерді. Біріншісі арқылы гиппокамппен байланысты есте сақтау қабілеті зерттелсе, екіншісі арқылы перифериялық қыртыс бақылайтын есте сақтау қабілетінің қызметі тексерілді.

Белгілі болғандай, тәтті сусынды көп ішкен жануарларда гиппокампты қолданатын есте сақтау қабілетімен байланысты проблемалар жиі туындаған. Бұл ретте қант перифериялық қыртыс арқылы пайда болатын естеліктерге еш әсер етпеген.

Содан кейін зерттеушілер егеуқұйрықтың ішек микробиомасын тексеріп, қарапайым су ішкен және тәтті су ішкендер арасындағы айырмашылықты анықтады. Айтуынша, тәтті су ішкен кеміргіштерде Parabacteroides distasonis және Parabacteroides johnsonii аталатын ішек бактерияларының ерекше түрлерінің популяциясы басым болған.

Тәжірибеден кейін ғалымдар Parabacteroides бактериясы қанттың ықпалынсыз егеуқұйрықтың есте сақтау қабілеті функциясына әсерін зерттеді. Олар зертханада өсірілген бактерияларды тек таза су ішетін жас жануарлардың ішегіне салды. Кейіннен бактерияны жұқтырған кеміргіштердің, қант тұтынған кеміргіштер тәрізді есте сақтау қабілеті нашарлағаны анықталды. Алайда олардың перифокалды қыртысында да бұзылыстар пайда болған.

Бұл ми қызметінің өзгеруі ішек микробиомасының өзгерістерімен тікелей байланысы барын айғақтайды.

Болашақта ғалымдар командасы диета, спорт тәрізді әдеттердің жақсы жаққа өзгеруі қантты мөлшерден тыс пайдалану салдарынан болатын жағымсыз әсерлерді жою мүмкіндігін зерттеуге кіріспек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы