«Тәтті кәмпит»: Қызылордада сотталғанға есірткі жеткізбек болған әйел ұсталды
Қызылорда облысында №60 түзеу мекемесінде тыйым салынған заттарды өткізу әрекеті анықталып, дер кезінде тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне сілтеме жасап.
Жазасын өтеушіге кәмпит ішіне жасырылған есірткі заттарын жеткізуге тырысқан азаматша ұсталды. Ол қарақшылық үшін жазасын өтеп жатқан сотталғанға 12 ақ түсті қағазға оралған кәмпит пен бір белгісіз ақ ұнтақты алып келген.
Аталған дерек бойынша Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Тергеу барысында өзіне тән өткір иісі бар жасыл түсті және ақ ұнтақ заттар тәркіленіп, сот-химиялық сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың 31,99 грамм кептірілген марихуана және 0,41 грамм мефедрон екені анықталды, - делінген хабарламада.
Осы фактіге байланысты сәлем-сауқат алып келген әйелге ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған бапқа сәйкес, кінәлі тұлғаға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.