Татарстанда «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды
Астана, BAQ.KZ. ҚР Ұлттық музейі Татарстанның мемлекеттік «Қазан Кремлі» қорық-музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты.
Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылды.
Татарстан Республикасының Мәдениет министрі Ирада Хафизяновна Аюпова өзінің кіріспе сөзінде бұл шараның Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы айрықша маңызы мен мәніне тоқталды.
«Біз мәдениетті сақтау туралы ұзақ әңгіме жасай алуымыз мүмкін. Бірақ, мәдениеттің өзара ықпалдастығы, жаһандық мәдени кеңістіктегі өзара интеграциясы ғана өз дәрежесінде сақтап қалуға ықпал жасай алады»,– деп атап көрсетті министр.
Күні бүгін бұл жоба әлемнің алты елін – Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Польша және Корея мемлекеттерін табыспен аралап оралды. «Алтын адамның» шеруін сол елдерде миллионнан астам көрермен тамашалады.
Жалпы алғанда жоба үш жыл көлемінде жүзеге асатын болады, көрме 2020 жылдың аяғына дейін жер шарының жиырмаға жуық елінде болып қайтады.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған «Қазан Кремлі» музей-қорығының директоры Зиля Валеева Қазақстан Республикасы ұлттық музейінің ұжымына аса жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
«Қазанда өтіп жатқан шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өткім келеді. Біздің музей қызметкерлері мен қабылдаушы тарап көрермен көңілінен шығу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп бақты. Біздің бірікен күш-жігеріміздің табысқа жеткізеріне және бұл шараның бір ғана Қазан қаласы ғана емес, бүкіл Татарстан көлемінде ірі мәдени шара болып қаларына сенімдімін», – деп түйіндеді ҚР Ұлттық музейі директорының м.а Алмаз Нұразхан.
Биыл көрме Өзбекстан, Малайзия, Италия, Түркия және Грузия музейлерінде өткізу жоспарланған. Келесі жылы АҚШ, Австрия, Франция, Швейцария мен Германияның басты музейлерінде өткізіледі.
Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.
Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді. Онда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 127 зат ұсынылды.