Татамиде өзімді емін-еркін сезіндім – ұлытаулық Азия чемпионы
Жақында Ташкентте өткен Дзюдодан Жастар арасындағы Азия чемпионатында Нұрайлым Сәрсенбек Ұлытау өңіріне алғашқы алтын жүлдені сыйлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2023 жылдың 14-19 қараша айы аралығында Ташкент қаласында Дзюдодан Жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті. Чемпионатқа он бес елден 175 спортшы қатысты. Жерлесіміз, ұлытаулық Нұрайлым Сенбекқызы Сәрсенбек 48 келі салмақта өнер көрсетіп, Азия чемпионы атанды.
Бұл жүлденің орны ерекше. Себебі бұл - Дзюдодан Жастар арасындағы Азия чемпионатынан Ұлытау облысының қоржынына түскен тұңғыш алтын медаль болды. 21 қараша күні таңғы сағат 09:00-де Азия чемпионы елге оралды.
Ел туын көкке көтерген чемпионды күтіп алуға туыстары, достары, жанкүйерлері жиналды.
Ұлытауға алтын сыйлаған алғашқы дзюдошы қыз
Нұрайлым 2005 жылы 30 қазанда Сәтбаев қаласында дүниеге келді. 9 жасынан бастап дзюдоға қатысып келеді. 2022 жылы Қазақстан спорт шебері атағына қол жеткізді. Қазір Нұрайлым – Дзюдодан ұлттық құрама мүшесі. Бала кезінен осы уақытқа дейін спортшыны Архат Рахымжанұлы жаттықтырып келеді.
Азия чемпионы атанған Нұрайлым дзюдоға қалай келгені жайлы айтып берді.
Неге дзюдо түрі десеңіз, маған кішкентай кезімнен осы күрес түрі қатты ұнайтын. Сосын қасымдағы достарым «бізбен бірге дзюдоға қатыссаңшы» деді. Мен келісіп, осылай дзюдо күресімен айналысып кеттім. Әлі есімде ең алғаш залға кіргенде ұлдар көп болатын. Менің үстімде дзюдоги болмады. Сөйтіп ең алғашқы дзюдогиімды ағайым сыйлады. Жаттығуға барып жүрген кездері көбінесе ұлдармен күресетінмін. Тіпті, ұлдардың арасында жарыстарға қатысып, жеңіске де жететінмін. Менің отбасымда сіңілдерім маған ұқсағысы келіп, дзюдоға катысып та көрді. Бірақ кейіннен дзюдомен айналыспай кетті, - деді ол.
Ол Азия чемпионатында осынау жүлдеге қол жеткізгенде өзін қалай сезінгені жайлы айтып өтті.
Бұл менің алғашқы Азия чемпионатым болмағандықтан, өзімді емін еркін сезіндім. Осыған дейін 3 және 2-орындар алғанмын. Бірақ осы бәсекеде чемпион атандым, - деп қысқа қайырды спортшы.
Нұрайлым Ұлытау облысы Азия жүлдегерін өте жоғары деңгейде күтіп алғанын айтты.
Мені өте жоғары денгейде күтіп алды. Барлық достарым, туған-туыстарым келді. Жалпы қалай күтіп алғандары маған қатты ұнады, - деді ол.
Ол алдағы жоспарларымен бөлісіп, жас спортшыларға кеңесін берді.
Енді алдағы уақытта бұл жерде тоқтап қалмай, әлі де көп жұмыс жасаймыз. Қателіктерімді дұрыстап, алдағы жарыстарға дайындаламыз. Дзюдоға, жалпы спортқа бет бұрғысы келетін жас жеткіншектерге айтарым, спортшыға ең алдымен шыдамдылық және қайсар мінез керек. Сондай-ақ, талмай еңбектену керек. Осы қасиеттерді бойыңда қалыптастырсаң, спортта ғана емес, барлық салада өзіңді көрсетуге болады, - деп түйіндеді чемпион.
Нұрайлым жас болса да 2020 жылдан бері Қазақстан Республикасының чемпионаттарынан бөлек, халықаралық жарыстарда топ жарып келеді. Атап өтсек:
- 2020 жылы Қостанайда Жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері;
- 2020 жылы Анталияда Жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогінің күміс жүлдегері;
- 2021 жылы Ақтөбеде Жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері;
- 2021 жылы Алматыда Жасөспірімдер арасындағы Азия кубогінің күміс жүлдегері;
- 2021 жылы Ливанда Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері;
- 2022 жылы Астанада Жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпазы;
- 2022 жылы Ақтауда Жастар арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпазы;
- 2022 жылы Ташкентте Жасөспірімдер арасындағы Азия кубогінің жеңімпазы;
- 2022 жылы Алматыда Жасөспірімдер арасындағы Азия кубогінің қола жүлдегері;
- 2022 жылы Бангкокта Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері;
- 2022 жылы Сараевода Жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының қатысушысы;
- 2023 жылы Семейде Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері;
- 2023 жылы Алматыда Жастар арасындағы Азия кубогінің қола жүлдегері;
- 2023 жылы Кувейтте ересектер арасындағы ашық Азия чемпионатының күміс жүлдегері;
- 2023 жылы Берлинде Жастар арасындағы Еуропа кубогінің күміс жүлдегері.
Азия чемпионын жаттықтырған бапкер
Нұрайлым Сәрсенбектің бапкері - Архат Рахымжанұлы жоғары санаттағы, жоғары дәрежедегі бапкер-жаттықтырушы.
Архат Рахымжанұлы 1990 жылы 9 тамызда Сәтбаев қаласында дүниеге келген. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын бітірген ол бүгінде жоғары дәрежелі жаттықтырушылар санатында еңбек етіп жүр. Жалпы еңбек өтілі - 12 жыл. Бүгінгі күнге дейін Сәтбаев қаласы мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар және жасөспірімдер мектебінде қызмет еткен. Қазір Ұлытау облысы жоғары спорт шеберлігі мектебінде шәкірт тәрбиелеп жүр.
Архат Рахымжанұлы дзюдомен айналысудағы басты мақсаты жайлы айтты.
Осы спортқа келудегі басты мақсат - мықты болсақ, әлемге танылсақ деген ой болды. Әрине, армандар орындала бермейді. Қазір жаттықтырушы болып еңбек етіп, жас спортшыларды тәрбиелеп жатырмыз. Өзіміз армандаған мақсаттарға шәкірттеріміз қол жеткізсе дейміз. Қазақтың туын биікке көтеріп, әнұранын бүкіл әлемге шырқатсақ деп армандаймыз. Себебі қазіргі күннің батырлары осы жас ұрпақ. Әр спортшы мақсатына жетуі үшін көп еңбектенуі керек. Сонымен қоса тәртіп, шыдамдылық, қайсар мінез де қажет, - деп атап өтті бапкер.
Чемпионды жаттықтырған бапкер өзінің алғашқы жеңісі мен алғашқы жеңілісін еске алды.
Әлі есімде қалалық ашық біріншілікте күміс медаль жеңіп алған болатынмын. Ал финалдық кездесуде өзіміздің залда дайындалған спортшы Альменов Абзалдан жеңілгенім де бар, - деп күліп еске алды Архат Рахымжанұлы.
Архат Рахымжанұлы Азия чемпионы атанған Нұрайлымды қайсар қыз дейді.
Осы уақытқа дейін біраз шәкірт тәрбиеледім. Бірақ барлығы бірдей спортшы бола бермейді. Біреуі спортқа, біреуі бизнес, біреуі шахтер тәрізді салаларға ауысып жатады. Бұл ретте ең бастысы - жақсы спортшы емес, жақсы адам болу, елімізге қызмет ету екенін атап өткім келеді. Нұрайлым туралы айтар болсам. Ол бізге 9 жасынан бастап келді. Мінезі қайсар, қазақтың мықты қызы. Қазір Дзюдодан Ұлттық құраманың мүшесі. 2022 жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына қол жеткізді. Қазір Сәтбаев қаласында 2 спорт шебері бар. Алғашқы спорт шебері - Рахымберлі Нұрболат Алмасұлы болса, екіншісі осы - Нұрайлым қызымыз. Қазақстан чемпионатында спортшыларымыз жүлделі орындар алған. Атап өтсек, Омар Жанболат - Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, жасөпірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Сонымен қатар, Ашимов Диас - Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Рахымберлі Нұрболат - Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Қазақстан Республикасы Жастар ойынының қола жүлдегері, 23 жасқа дейінгі ерлер арасындағы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері. Рахымберлі Жанболат -Жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері. Мұханбетқали Еркін - Жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, - деп атап өтті Рахымжанұлы.
Ол Ұлытау облысында дзюдо күресі қалай дамып келе жатқаны жайлы айтты.
Жалпы Ұлттық құраманың деңгейі жақсы. Жылдан жылға өзгерістер еніп келеді. Ұлытау облысы болып бөлінгесін, спортшылардың біршамасы Қарағанды облысында қалды. Дзюдо - әлем бойынша қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Қазірдің өзінде осы салада осал мемлекет жоқ. Жалпы облысымызда дзюдоның дамытуға оң көзқарас қалыптасып келеді. Қай спорт түрі болмасын жақсы деңгейде дамуы үшін жақсы резерв қалыптастыру керек. Ол резерв болуы үшін облысымызға арнайы мамандандырылған спорт интернаты ашылса екен. Облысымызда ауыл-аймақ көп. Жақсы спортшылар көбінесе ауылдан шығатыны көпшілікке мәлім, - деді ол.
Архат еліміздегі әйелдер дзюдосының дамуына баға берді.
Әйелдер дзюдосы қарқынды дамып келеді. Былтыр Әлем чемпионатынан Абиба Абужақынова қарындасымыз 48 келі салмақта қола медаль еншілеген болатын. Осы жылы Азия ойындарында ел қоржынына 2 қола медаль түсті: 48 келі салмақта Абиба Абужақынова және 63 келі салмақта Эсмигуль Куюлова. Алдағы мақсатымыз айқын – ол олимпиада ойындары. Медальсіз қалмаймыз деген үміттеміз. Сонымен қатар алдағы мақсатымыз - 2024 жылы Әлем чемпионатында топ жару және 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алу, - деп атап өтті бапкер.
50 жылға жалғасқан елдегі дзюдо тарихы
Қазақстан Дзюдо федерациясы 1973 жылы құрылған. Қазір федерацияға Қуанышбек Есекеев басшылық етеді.
Дзюдо елімізде бірден танымал болып кетті. Қазақстанда дзюдо мектебін қалыптастыруда Тілеухан Әміржанов, Әбілқайыр Байбұсынов және т.б. спортшылар үлкен үлес қосты.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақстандық спортшылар халықаралық деңгейдегі түрлі чемпионаттарға белсенді қатыса бастады.
Бүгінде ел дзюдосының ілгері жылжуын бүкіл әлем мойындайды. Себебі Қазақстан дзюдо федерациясы көптеген бағыт бойынша жұмыс істейді. Бұл жұмыс спортта жоғары нәтижелер көрсетуде ғана емес, халықаралық беделімізді де нығайту жолында жүргізілуде.
Қазір ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында ел біріншіліктері өтіп тұрады. Додағы елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған спортшы қатысады. Бұл дзюдоға қызығушылық танытқандардың саны мен сапасының артқанын айғақтайды.
Айта кетейік, Өзбекстанда өткен Азия чемпионатында қазақстандық дзюдошылар 4 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Оның ішінде Нұржан Бисенов, Жанарыс Рахметқали, Әділет Алмат және Нұрайлым Сәрсенбек Азия чемпионы атанса, Мұхаммедәли Мавлидов күміс, ал Карина Такиева, Аружан Ережепова және Дана Әбдірова қола жүлдеге ие болды.