Тасқыннан зардап шеккен ақтөбелік балалар қайда демалады

Ақтөбе облысында биылғы су тасқыны кезінде үйлерін су басқан отбасылардың балаларына жазғы демалыс ұйымдастырылатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, биыл өңірде су тасқынынан зардап шеккен ауыл балалары алғаш рет «Талант тур» жобасына қатысады. Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарынан жалпы саны 500 балаға бірнеше бағыт бойынша шеберлік кластары мен интерактивті экскурсиялар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған — 785, аз қамтылған отбасылардан — 7394, көп балалы отбасылардан — 6547, мүмкіндігі шектеулі 783 балаға және 28 702 дарынды оқушыға жазғы демалыс ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының есебіне алынған 206 бала мен 295 қолайсыз отбасыдан шыққан 295 бала лагерьлерде демалады. Жалпы биыл облыста арнайы санаттағы балалардың 98,1 пайызы демалыспен қамтылып отыр, - дейді ол.

Бүгінде Ақтөбе облысында 1-10 сыныпта оқитын 160 мыңға жуық оқушы бар. Оның ішінде 10 324 бала қала сыртындағы лагерьлер мен сауықтыру орталықтарына, 606 бала жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьлерге, 9718 бала маусымдық лагерьлерге жіберіледі.

Мәселен, жыл бойы жұмыс істейтін «Күншуақ» сауықтыру лагері биыл 606 баланы қамтиды. Лагерь бір ауысымда 101 бала қабылдайды, осылайша 6 ауысым бойы жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, 3460 оқушы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы мен Дөң тау-кен байыту комбинаты атынан және ата-аналардың есебінен лагерьлерде демалады, - дейді Бертілеуова.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында мектеп жанында 673 лагерь, 49 қосымша білім беру ұйымы жанында алаңдар мен үйірмелер жұмыс істейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы