Тасқын кезінде жұмыс істегендер әлі ақша ала алмай жүр

Атырауда былтырғы тасқын кезінде бөгет бекітіп, қаланы топан судан аман алып қалуға атсалысқан компаниялар мен камаз жүргізушілері ақшаларын әлі ала алмай жүр. Азаматтардың бірі соттасып, жеңіп шықса да биліктегілер миллиондарды оңайлықпен бере салмайтын сыңайлы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Тасқын кезінде әкімдіктегілердің шақыртуымен қала іргесінде 16 шақырым болатын аумаққа бөгет бекіткендердің бірі жергілікті кәсіпкер Әсемғали Қуанышев. Ол төтенше жағдай кезінде барлық техникасын, қарамағындағы қызметкерлерін жұмылдырып, күні-түні жұмыс істеген. Бірақ қауіп сейіліп, жағдай тұрақталғанда шенділер келісілген қаржының толық көлемін беруден бас тартыпты. Сөздерінше ол жерде бір емес, бірнеше компания жұмыс істеген. Сол себепті 16 шақырым бөгеттің 625 млн теңгесін бір ғана компанияға бере салмайтындарын айтады. Дегенмен бұған дейінгі сот кәсіпкердің пайдасына шешілді. Әкімдікке 625 млн теңгені өтеу міндеттелді. Сол аумақта жұмыс істеген кәсіпкерлердің бірі куәлік етіп, демеуші ретінде көмек көрсеткенін мәлімдеді. Десе де жауаптылар шешімді орындауға асықпай, аппеляциялық шағым түсірген. Сот қайта жалғасып жатыр. 

Қайыршақты ауылдық округінің әкімдігі сотқа қайтадан берді. Облыстың соты жүріп жатыр. Үшінші соты басталды. 5,9,13 күндері болды. Әлі күнге дейін қысым көріп жатырмыз. Шешім шыққан жоқ. Енді ұтып тұрған жерден қайта-қайта әкімдік қысым көрсетіп тұр. Біздің жұмысымыздың жасалып, тапсырылғанына бір жылдан асып кетті, оның қасында адам өлтіру бойынша Шерзаттың ісі де аяқталып, сотталатындар сотталды. Бірақ біздің мына дамбының жыры әлі бітпегеніне таңқалып тұрмын мен. Осыған жергілікті депутаттар да араласса деймін. Халық болып сайладық қой. Жұмыстарын жасаса деймін. Неге кіріспеске? Қолдау керек қой. Қазір компания есепшотының бәрі жабық. Қызметкерлер алдында төленбей тұрған қанша қарыз бар. Оларды да осы уақытқа дейін сәл күтіңіздер деп сабырға шақырды, енді шыдамайды. Ақыр соңында сотқа бере беріңіздер дедік. Басқа амалымыз жоқ. Әкімдіктен өзге жобаларды алайық десек, ол мекемеге жұмыс бермеңіздер деп қысым жасайды. Ал қалалық, облыстық прокуратура әу бастан қолдау көрсетті. Біздер болсақ әлі жүрміз. Соттың бір шешімін шығарып, ақшамызды төлеу керек. Президенттен көмек сұраймыз. Қатты бір тексеріске алып, шара қабылдаса дейміз,-дейді "АГК Групп" ЖШС басшысы Әсемғали Қуанышев.

Соңғы сот отырысында судьялар бекітілген бөгетке сараптама жасау керек деген шешім шығарды. Оны Атырау облысындағы сот сараптамалары орталығына тапсырды. 

ҚР Азаматтық процестік кодексінің 425 бабы 2 бөлігіне сәйкес сот алқасы құрылыс-экономикалық сот сараптамасын тағайындау туралы шешім шығарды. Сараптама өткізу ҚР Әділет министрлігіне қарасты Атырау облысындағы сот сараптамалары институтының орталығына тапсырылсын. Олар әкімдік пен кәсіпкер арасында болған келісімшарт бойынша, 112 учаскеде бекітілген бөгеттің, жасалған жұмыстың нақты көлемін анықтау керек. Ұзындығы 16 шақырым болатын бөгет талапқа сай жасалды ма жоқ па, онда төгілген топырақтың көлемін бәрін нақтылауы керек. Тексерісті екі тарап өкілдерінің қатысуымен жүргізу қажет. Сараптама үшін төленетін қаржы екі тарапқа жүктеледі,-деді Облыстық сот судьясы. 

Кәсіпкердің адвокаты бұл шешімді дұрыс емес деп есептейді. Себебі қандай да бір сараптама өткізу үшін оған алдын ала жобалық сметалық құжат жасақталмаған. Төтенше жағдай кезеңі болғандықтан, тараптар тек келісімшарт жасасқан. Ал ондағы бөгеттің биіктігі мен ұзындығы бәрі талапқа сай көрінеді. 

Қалай болғанда да сараптама өткізіледі. Соны күтеміз. Бірақ менің ойымша мұндай шешім шығару абсурд. Сот әлі істің нүктесін қоя алмай келеді. Бұл жәй ғана кезекті істі созу әрекеті деп ойлаймын. Абсурд дейтінімнің себебі мынау, бұл жұмыстың құрылысқа еш қатысы жоқ. Оның жобалық сметалық құжаты жоқ. Ол қалай өткізіледі? Түсініктіз,-дейді кәсіпкердің адвокаты Әсет Өтепов. 

Әкімдік іске қатысты қандай да бір мәлімдеме жасап, сұхбат беруден бас тартты. Сот басталғалы жақ ашпады. 

Бірақ бұл биліктегілерден ақшасын ала алмай жүрген жалғыз азамат емес. Өткен аптада ғана дәл осы проблемамен облыстағы камаз жүргізушілері жиналды. 54 жүк көлігінің жүргізушісі тасқын кезінде бір серіктестікке қызметкер ретінде тіркеліп, топырақ тасып, жұмысқа жәрдемдескен. Камаздың әр рейсі үшін 5 мың теңге алуы керек болған. Алайда әлі күнге дейін қолдарына толық қаржы тимепті. Бұл жағдайға соған жауапты "Абадан Алаш" деген серіктестікті кінәлап отыр.

50-астам техника жүрді. Оның ішінде жалғыз Атырау емес, көрші Ақтөбе сияқты облыстардан келіп жұмыс істеген жігіттер де бар. Әркім әртүрлі жұмыс істеді. 1 апта, 10 күн, 1 ай. Жұмыс біткен бойда ақшаларың беріледі деді. Алайда аударылған жоқ. Міне бір жыл өтті. Әлі жүрміз. Қазір өмір сүру оңай емес. Бәріміздің бас-басымызда кредит бар. Жеке өзім мысалы мүгедек бала асырап отырған әкемін. Ол баланың емі бар ай сайынғы. Басқа қалаға барып шығындаламыз. Сол себепті ақша бізге ауадай қажет. Осыған жауаптылар араласып, проблемамыз шешілсе деген тілектеміз,-дейді жиналған камаз жүргізушілерінің бірі Ғалымжан Демесінов. 

Алайда бұл серіктестік өкілінің өзі әкімдіктен толық ақшасын ала алмай, соттасып жатқанын айтады. Бұған дейін түскен қаржының бәрін қызметкерлерге таратып бергенін айтады. Қызметкерлері алдында 50 млн теңгедей берешегі барын жасырмайды. Бірақ одан жалтармаймын деп отыр. Әкімдікпен мәселені біржақты еткесін, ақшаның бәрін қайтаруға ниеттеніп отыр. Ал Қайыршақты ауылдық округінің әкімі әдеттегідей міз бақпайды. Келісімшарт бойынша барлық ақшаны төледік деп отыр. 

Әкімдік тарапынан "Абадан-Алаш" ЖШС мекемесіне тиісті қаржы төленді. Өздеріне толық берілді. Енді компания өкілі қызметкерлермен арадағы проблеманы өздері шешуі керек,-деді Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шапқат Қалиев. 

Бірақ компания өкілінің сөзінше келісімшартта бөгеттің жалпы ұзындығы ғана белгіленген. Ал ені, биіктігі, қанша камаз топырақ төгілу керектігі есептелмеген. Сол себепті қызметкерлер нормадан екі есе топырақ төгіп, шығынға батыпты. Олай боларын білгенде бөгеттің биіктігін аса үлкен қылмай, біз де білгеніміз бойынша жасайтын едік деп отыр. 

Айта кетсек, былтырғы тасқын кезінде Қайыршақты ауылдық округінде тасқынмен күрес үшін 6 компания бөгет бекіткен. Демеуші есебінде тегін көмек көрсеткен компаниялар да бар. Қазір солардың бірі осы "Абадан-Алаш" компаниясы соттасып жатса, тағы бір компания әкімдіктің ұсынған қаржысын қанағат тұтпай, берілген ақшаны алмай сотқа беруге дайындалып жатқан көрінеді. Атырау облысындағы Құлсары қаласындағы камаз жүргізушілері де осылай ақшаларын ала алмай сенделіп жүр. Осылайша тасқынның өзі бітсе де, салдарын әлі күнге дейін күреске бар күшін салған өңірдегі кәсіпкерлер мен қарапайым жұмысшылар көріп жүр. Жұрт бұл жағдай толық тексеріліп, жауаптылардың назарына алынса дейді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы