Ташкентте референдумның маңыздылығы талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 17 мамырда Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігінің бастамасымен «Bilim Karvoni» мемлекеттік емес ғылыми мекемесімен («Білім керуені») бірлесіп дөңгелек үстел өтті.
Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына арналған референдум дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы болды.
Қатысушылар арасында елшілік қызметкерлері, Өзбекстанның әртүрлі халықаралық институттары мен университеттерінің ғалымдары, сарапшылары, БАҚ және қазақ диаспорасы өкілдері болды.
Елші Д. Сатыбалды дөңгелек үстелге қатысушыларды Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған саяси реформалардың ауқымды бағдарламасымен таныстырып, «суперпрезиденттік» басқару формасынан президенттік республикаға ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет негізінде түпкілікті өтуді бекітуге, барлық мемлекеттік модельді трансформациялауға, өзара қарым-қатынастардың оңтайлы теңгерімін қалыптастыруға бағытталған конституциялық реформаның ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Сарапшылар жаңа Қазақстанның құрылысына бағытталған алдағы трансформацияларға оң баға беріп, қоғамды демократияландыру жолындағы басты міндет - демократиялық реформаларды одан әрі ілгерілету, елдің табысты саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін Конституцияны жетілдіру екенін атап өтті.
«Bilim Karvoni» мекемесінің басшысы Ф. Толипов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарына 30 жыл толуына орай, өз баяндамасында екі ел арасындағы барлық деңгейде қарқынды дамып келе жатқан бағыттарға тоқталып өтті.