2 Қараша 2026, 11:19 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Ташкентте қазақстандық 15 жас футболшы жаппай ауруханаға түсті: Бұған не себеп?

Халықаралық футбол фестиваліне барған жас спортшылардың жағдайы таңғы астан кейін күрт нашарлаған. Дәрігерлердің күдігі неден шықты?

Ташкент қаласында өтіп жатқан Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысқан 15 қазақстандық жас футболшы ауруханаға жатқызылды. Балалардың жағдайы қонақүйдегі таңғы астан кейін күрт нашарлаған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Дәрігерлер бастапқы тексеру нәтижесінде тағамнан улану болуы мүмкін деген болжам жасаған. Алайда әзірге уланудың нақты себебі анықталған жоқ.

Белгілі болғандай, жұмыртқа жемеген сегіз балада ауру белгілері байқалмаған. Зертханалық талдаулардың түпкілікті нәтижесі 12 сағат ішінде белгілі болады деп күтілуде.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, дипломаттар оқиғадан хабардар. Көмекке мұқтаж Қазақстан азаматтарының барлығы Өзбекстандағы мамандандырылған медициналық мекемелерге жатқызылып, қажетті медициналық көмек алып жатыр.

Қазақстандық дипломаттар отандастарымыздың туыстарымен және медициналық мекемелермен байланыс орнатып, аталған мәселені тұрақты бақылауда ұстап отыр, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта балалардың денсаулық жағдайы мен оқиғаның мән-жайы бақылауда. Уланудың нақты себебі зертханалық талдау нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады.