Ташкентте "Хан Сұлтан. Алтын Орда" операсының премьерасы өтті
Ташкентте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ұсынған "Хан Сұлтан. Алтын Орда" операсының тұсаукесері өтті. Бұл қойылым Орталық Азияның мәдени кеңістігіндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Премьера алғаш рет Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық Үлкен театр сахнасында көрсетілді. Көрсетілімді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Орталық Азия мемлекеттерінің мәдениет министрлері, сондай-ақ Әзербайжанның Мәдениет министрі тамашалады.
Опера билік, тағдыр және дәстүр мен жаңғыру арасындағы ірі тарихи таңдауларды көркем бейнелейтін драмалық шығарма. Хамит Шаңғалиевтің музыкасы мен италиялық режиссер Давиде Ливерморенің сахналық шешімі көрерменді Алтын Орда кезеңінің рухына терең бойлатады.
Қойылымды әзірлеу барысында Қазақстан, Ресей және Түркия ғалымдары бірлесе еңбек етті. Жобаға Алтын Орданы зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев, Мармара университетінің профессоры Ильяс Кемалоғлу және тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев қатысты. Маралтай Ыбыраевтың либреттосы драматург Алмас Нүсіптің пьесасы негізінде жазылған.
Әлемдік опера өнеріндегі танымал режиссер Давиде Ливерморе («Ла Скала», Рим операсы, Театро Реджио) жобаға қатысып, қойылымды халықаралық деңгейге көтерді. Музыкалық жетекші әрі қоюшы дирижер — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы театрдың бас дирижері Нұржан Байбосынов.
Ташкенттегі премьера қазақ және өзбек халықтарының тарихи-мәдени үндестігін айшықтап, өнер арқылы тығыз шығармашылық байланысты нығайтты. Бұған дейін «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы Алматы, Ыстамбұл және Қазан қалаларында сахналанып, көрермен тарапынан жоғары бағасын алған еді.