Ташкент қоймасында жойқын жарылыс болды
28 қыркүйекке қараған түні Ташкенттің Сіргелі ауданы «Құрылысшылар» филиалындағы «Inter Logistics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі қоймада күшті жарылыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жергілікті уақытпен сағат 2:43-те ТЖМ-ға өрт туралы хабар келіп түскен. Жарылыстан кейін Ташкенттің Сіргелі ауданындағы қоймада өрт шықты. Зардап шеккендер бар. Желілердегі бейнежазбаларда үй мен басқа да заттардың қатты зақымдалғаны айтылған. Қазір тілсіз жау ауыздықталды. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына 16 өрт сөндіру бригадасы мен 3 жүк көлігі сағат 02:48-де жеткен. ТЖМ оқиғаның ұшақ апаты салдарынан болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, жарылыс салдарынан зардап шеккендер Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы мен оның Ташкент облысындағы филиалына жеткізілген.
Әзірге олардың арасында ауыр жарақат алғандар жоқ. Дәрігерлер зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр, - делінген хабарламада.
Жарылыстың себебі анықталған жоқ. Өрт әлі толығымен сөнбеді. Зардап шеккендер саны анықталып жатыр.