Tartyl Fest – гранд-финал жеңімпаздары Финляндияға әлем чемпионатына барады
Турникте тартылу бойынша республикалық Tartyl Fest фестивалінің гранд-финалы қазан айында елордада өтетінін Tartyl Fest амбассадоры Айтым Жақыпов айтты. Бұл туралы BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін турнирдің соңғы кезеңі Нұр-Сұлтанда өтті. Жарысқа қатысу үшін 650-ге жуық астаналық тіркелген.
Айтым Жақыповтың айтуынша, Қазақстанда көше спорты - street workout өте жақсы деңгейде дамыған.
«Қазақстан - street workout бағытын дамыту бойынша озық ел деп батыл әрі ашық айта аламын. Қазақстан street workout бағытын мемлекеттік деңгейде қолдайтын жалғыз ел», - деді Айтым Жақыпов фестиваль аясында журналистерге.
Жоба амбассадоры жастар мен Street workout Kazakhstan қозғалысының атынан Президентке жастардың дамуына қосқан үлесі мен қолдауы үшін алғыс білдірді.
«Жастар – еліміздің және әлемнің болашағы. Біз командамен 20 қаланы араладық, 18 мың шақырымнан астам жол жүрдік, 12 мыңнан астам қатысушыны тіркедік. Гранд-финал жеңімпаздары Финляндияда өтетін әлем чемпионатына қатыса алады. Спортшы ретінде мен үшін бүгінгі таңда бұл спортқа үлкен серпін мен қолдау бар екендігі өте маңызды. Келесі жылы қатысушылардың саны, фестиваль нәтижелері мүлдем басқаша болады деп ойлаймын. Себебі балалар толық дайындалатын болады», - деді Айтым Жақыпов.
Спикердің айтуынша, гранд-финал қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Финал күні кейінірек жарияланады.
Бірінші орын үшін 200 мың теңге ақшалай сыйлық беріледі, екінші орын үшін – 100 мың теңге; үшінші орын үшін – 50 мың теңге.
Фестиваль 10 шілде мен 6 қыркүйек аралығында еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылды, әр қалада 27 жеңімпаз анықталды.
Турникке тартылу фестивалі 10 шілдеде Қонаев қаласында басталған еді.
Кейін Түркістанда, Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Қызылорда, Атырау, Орал, Ақтөбе , Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Жезқазған, Қарағанды, Өскемен, Семей қалаларында жалғасын тапты.
Шымкенттік Азамат Сапар турникте 41 рет тартылып, рекорд орнатты. Бұған дейін турникке тартылу бойынша рекорд жасаған алматылықтарды (40) баса озып, мықтылығын дәлелдеді. Ал, 13 рет тартылған жеті жасар Мәдихан Қажымұқан ұйымдастырушылардың арнайы сыйлығына ие болды.
Одан кейін Ақтау қаласында 32 жастағы қатысушы Дамир Нәбиев белтемірге 44 рет тартылып, жаңа рекорд орнатты.
Бұл рекордты 51 жастағы қостанайлық Андрей Антонян жаңартты, ол турникке 45 рет тартылды.
Қарағандыда өткен турнирде тараздық Евгений Нам есімді қатысушы турникке 50 рет тартылды. Нұр-Сұлтанда рекорд жаңартылмады. Осылайша, Tartyl Fest рекорды Тараз қаласына тиесілі.