29 Қыркүйек 2026, 19:02 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

«Тәртіпке бағынған құл болмайды»: Бауыржан Момышұлының әскери ұстанымдары неге әлі де өзекті?

Қазақ халқының даңқты перзенті, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының әскери мұрасы бүгінде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның майдан даласындағы тәжірибесі ғана емес, әскери басқару, тәрбие, тәртіп пен жауынгер психологиясы туралы көзқарастары қазіргі әскери білім беру жүйесінде кеңінен қолданылып келеді.

Ұлттық қорғаныс университетінің жан-жақты қамтамасыз ету факультетінің әскери оқыту және тәрбиелеу кафедрасының аға оқытушысы, ҚР Қарулы күштерінің ардагері, запастағы полковник Қайсар Мұғалов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында Бауыржан Момышұлының мұрасы әскери ғылымдағы орны туралы айтты.

Қайсар Мұғаловтың сөзінше, Ұлттық қорғаныс университетінде жыл сайын батырдың мұрасын зерттеуге арналған ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер өтеді. Сондай-ақ оның еңбектері Қазақстанмен қатар Куба, Израиль және Ресейдің әскери ортасында да зерттеліп жатқанын атап өтті.

Біз Бауыржан Момышұлын тек соғыс батыры ретінде ғана емес, әскери ойшыл әрі ғалым ретінде де қарастырамыз. Бүгінгі офицерлер үшін оның қандай қағидалары маңызды екенін түсіну әлдеқайда өзекті мәселе, – деді Қайсар Мұғалов.

Командир ең алдымен ойлай білуі керек

Әскери маманның сөзінше, Бауыржан Момышұлы жауынгерді даярлау ісіне кешенді түрде қараған. Оның пікірінше, әскери қызметші кәсіби дайындықтан бөлек, психологиялық тұрғыдан төзімді, тәртіпті және жауапкершілігі жоғары болуы қажет.

Батыр командирдің рөліне ерекше мән берген. Ол «командир – әскердің миы, шайқасты ұйымдастырушы және жеңістің авторы» екенін айтқан. Сондықтан офицер тек батыл ғана емес, ойлай білетін адам болуы керек деп санаған.

Қайсар Мұғаловтың айтуынша, Бауыржан Момышұлы «офицер жұдырықтың емес, ақылдың жауынгері болуы керек» деген ұстанымды ұстанған.

Ол үшін командирдің шығармашылық ойлауы, жағдайды дұрыс бағалай білуі және дер кезінде шешім қабылдауы маңызды болды, – деді ол.

Бастамашылдық пен жауапкершілік

Бауыржан Момышұлының әскери мұрасындағы басты қағидалардың бірі – бастамашылдық. Қайсар Мұғалов батырдың әскери жағдайда әрбір командир өз бетінше шешім қабылдауға дайын болуы керек деп есептегенін айтты. Оның сөзінше, Бауыржан Момышұлы жоғарыдан бұйрық күтіп отыруды құптамаған.

Ол қабылданбаған шешімнің жауапкершілігі қате қабылданған шешімнің жауапкершілігінен де ауыр болуы тиіс деп санады, – деді ол.

Сонымен қатар батыр қол астындағы адамдарға шамадан тыс егжей-тегжейлі тапсырма беруге қарсы болған. Оның пікірінше, командир міндетті нақты қойып, қажетті құралдарды қамтамасыз етіп, орындау тәсілін бағыныштының өзіне қалдыруы керек.

Сарапшы қазіргі әскери оқу орындарында дәл осы қағидаларға ерекше назар аударылатынын жеткізді.

Қазіргі офицер тек бұйрық беріп қана қоймай, оның түпкі мақсатын түсінуі керек. Сондықтан біз курсанттардың сыни ойлау қабілетін дамытуға басымдық береміз, – деді Қайсар Мұғалов.

Әскери қолбасшы ретіндегі ерекшелігі

Қайсар Мұғаловтың айтуынша, Бауыржан Момышұлының қолбасшылық дарыны оның майдандағы әрекеттерінен айқын көрінеді. Ол батырдың шешімді тез қабылдап, оны нақты жүзеге асыра алатын ерекше қабілетке ие болғанын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай қасиет тек білім мен ерік-жігердің арқасында қалыптаспайды.

Бауыржан Момышұлы шығармашылық ойлай білді, болашақты болжай алды және күрделі жағдайда тез бағдар табатын интуицияға ие болды, – деді ол.

Сарапшы батырдың әскери мұрасындағы маңызды бағыттардың бірі маневр жасау, бастамашылдық таныту, жер бедерін тиімді пайдалану және қоршаудан шыға білу тәжірибесі екенін айтты.

Оның айтуынша, Бауыржан Момышұлы қолданған кейбір тактикалық тәсілдер кейін әскери ғылымда «Бауыржан Момышұлы спиралі» деген атаумен белгілі болды.

Жауынгер психологиясын терең түсінген тұлға

Қайсар Мұғалов Бауыржан Момышұлының әскери психология мәселелеріне ерекше көңіл бөлгенін айтты. Оның сөзінше, батыр жауынгердің қорқыныш, ерік-жігер, намыс, борыш және батылдық сияқты қасиеттерін терең зерттеген.

Қазір Ұлттық қорғаныс университетінде магистранттар әскери психология пәнін оқиды. Бұл пәнде Бауыржан Момышұлының "Соғыс психологиясы" еңбегі кеңінен қолданылады, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, батыр командир ең алдымен өз сарбазының жан дүниесін түсіне білуі керек деп есептеген.

Командир қол астындағы адамның психологиясын білмесе, оны соңынан ерте алмайды. Бауыржан Момышұлы осыны жақсы түсінді, – деді Қайсар Мұғалов.

Ол сондай-ақ батырдың жауапкершілік мәселесіне ерекше мән бергенін атап өтті.

Бауыржан Момышұлы командир тек тапсырма үшін ғана емес, өз жауынгерлерінің өмірі үшін де жауап береді деп санаған, – деді ол.

Тәрбие – үздіксіз жүретін үдеріс

Қайсар Мұғаловтың айтуынша, Бауыржан Момышұлы әскери тәрбиені өмір бойы жалғасатын процесс ретінде қарастырған.

Ол командир тек басшы емес, тәрбиеші болуы керек деп есептеді. Себебі әскердің жауынгерлік қабілеті техника мен қаруға ғана емес, сарбаздардың рухани дайындығына да байланысты, – деді сарапшы.

Батыр тәрбиедегі негізгі әдіс ретінде сендіру тәсілін қолданған. Қайсар Мұғалов оның «сарбазға бұйрық беру жеткіліксіз, оған бұйрықтың мәнін түсіндіру қажет» деген көзқарасты ұстанғанын айтты.

Сонымен қатар Бауыржан Момышұлы жеке үлгі көрсетуді тәрбиенің ең тиімді жолдарының бірі санаған.

Ол өзгеден талап ететін нәрсені алдымен өзі орындады. Сондықтан оның сөзі де, ісі де сарбаздарға үлгі болды, – деді сарапшы.

Тәртіп – армияның тірегі

Бауыржан Момышұлы тәртіп мәселесіне ерекше мән берген. Қайсар Мұғаловтың айтуынша, батырдың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бүгінгі армия үшін де маңызды қағида болып қала береді.

Сарапшы батырдың тәртіпті жазалау құралы ретінде емес, жауапкершілік пен ортақ мақсатқа адалдықтың көрінісі ретінде түсіндіргенін айтты.

Нағыз тәртіп – адамның өз міндетін түсінуі, бөлім мүддесі үшін әрекет етуге дайын болуы, – деді ол.

Оның сөзінше, бүгінде әскери оқу орындарында құқықтық тәрбиеге, заң мен тәртіп қағидаларын түсіндіруге басымдық беріледі.

Бүгінгі күн үшін маңызы қандай?

Қайсар Мұғалов қазіргі әскери қақтығыстардың сипаты өзгергенімен, Бауыржан Момышұлының негізгі қағидалары өз маңызын сақтап отырғанын айтты.

Қару-жарақ жаңарды, технология дамыды, ұрыс жүргізу тәсілдері өзгерді. Бірақ бастамашылдық, сыни ойлау, жауапкершілік, тәртіп, жеке үлгі көрсету, психологиялық төзімділік сияқты қасиеттер бұрынғыдай маңызды болып отыр, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, Бауыржан Момышұлының әскери мұрасы тек тарихи құндылық емес. Ол қазіргі офицерлерді даярлаудың нақты тәжірибелік негізіне айналған.

Біз батырдың тәжірибесін жай ғана зерттеп қоймаймыз. Оны оқу бағдарламаларына, әдістемелерге және тәрбие жұмысына енгізіп келеміз. Сондықтан оның мұрасы бүгінгі армия үшін де өзекті, – деп түйіндеді Қайсар Мұғалов.