Тәртіп пен құрмет болады. Елімізде шекарашылардың мінез-құлқына қатысты норма енгізілуі мүмкін
Депутат Ерболат Сатыбалдин Мәжілісте шекарашылардың мінез-құлқына қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шекаралық бақылаудан өту кезінде азаматтардың шекара қызметінің өкілдерімен жиі жанжалдасады. Бұл негізі азаматтардың құқықтары мен шекара қызметі қызметкерлерінің өкілеттіктері туралы ақпараттың болмауына байланысты. Заң жобасына шекаралық бақылауды жүргізу кезінде шекара қызметі әскери қызметшісінің мінез-құлқының арнайы стандартын енгізу көзделген. Осы стандартта қандай нормаларды қарастыру жоспарлап отыр? Олар болашақта жанжалды болдырмауға мүмкіндік бере ме? - деп сұрақ қойды депутат.
Өз кезегінде Айгүл Құспан әріптесінің сұрағына жауап берді.
Мемлекетіміз шекарадан, шекара бекетінен, онда қызмет ететін шекарашыдан, оның бет-әлпетінен, мәдениетінен, ізетінен басталады. Бүгінгі күнге дейін шекара қызметі әскери қызметшісінің мінез-құлық стандарты заң тұрғысынан реттелмеген. Сондықтан осы норманы ұсынып отырмыз, - деп айтты депутат.
Сөзінше, бұл нормативтік-құқықтық акт болғандықтан оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы өз бұйрығымен бекітеді. Бұл стандартта шекарашының мінез-құлық тәртібі жан-жақты қарастырылады. Мысалы, азаматтармен немесе туристермен қарым-қатынасы, жұмыс орнының жағдайы және басқа да ережелер енгізіледі.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қабқабаев та норманың енгізілуін қолдап отыр.
Өзіміздің немесе шетелдік азаматтар келгенде ең бірінші кімді көреді? Әрине, шекарашыны көреді. Шекарашы қалай құрметтеу керегі, қалай күтіп алып, қандай міндеттері барын білуі керек. Осының бәрі енгізілгенде тәртіп пен құрмет болады, - деп толықтырды Марат Қалқабаев.