Тарта жесе - тай қалар! Инфляциямен түрлі амалдар арқылы айқаса бастадық
Алматы облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осы аптада жұртшылық Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың отбасылық бюджетті үнемдеу бойынша кеңестерін естіді. Бірақ осының түп-тамырына үңіліп көрдік пе?
Қуантыровтың бұл кеңесін әртүрлі қабылдағандар көп. Көбі тіпті сынап жатты. Министр халықтан ажырап кетті деген әңгімелер де айтылды. Бірақ экономикада, тұтынуды қысқарту – инфляциямен күрестің өте тиімді әдістерінің бірі. Жалпы, классикалық экономика тұрғысынан алсақ министр дұрыс айтып отыр – қалыпты жағдайда тұтынуды қысқарту (аса көп шығындала бермей, барынша үнемдеу) арқылы бағаның өсуін тоқтатуға қолдау білдіруге болады. Бірақ қазіргі жағдай – қалыпты экономикалық ортада отырғанымызды білдіре ме? Әңгіме сонда.
Онда қазір дәл бүгінгі Қазақстанда тұтынуды қысқарту арқылы бағаны ауыздау мүмкіндігін саралап көрейікші.
Ұлттық статистика бюросының деректері
Біздегі инфляция мен қымбатшылықтың ең басты қоздырғышы – азық-түлік болып отыр. Графиктен соңғы 2 айда тамақ бағасының қалай аспандап кеткенін байқай аласыздар. Бұл әлемдік тренд болғандықтан, қазір барлық елдерде азық-түлік инфляциясының аспандауын көріп отырмыз. Бір жағынан қызық жағдайға тап болып отырмыз. Бізге ең қажет және оның орнын алмастыру өте қиын заттар қымбаттап жатыр. Егер киім қымбаттаса, сол киімді кимей-ақ жүре беруге болады. Бірақ нан немесе ұн қымбаттаса ше? Оларды жемей жүре аламыз ба? Жақсы, нан мен ет жемейтін азаматтар бар дейік. Бірақ олар үшін енді көк шөп, авокадо сынды көкөніс пен жемістер де қымбаттап жатыр. Сондықтан, қымбатшылық бәрімізге тиіп отыр.
Сонымен қатты қымбаттаған заттар қандай, оларды немен алмастыра аламыз?
Қант
Қант бір жылда 51,5 пайызға қымбаттаған. Қантты адам немен алмастыра алады? Өкінішке қарай оның сол бағаға келетіндей баламасы жоқ, сондықтан қанттан тек қана түбегейлі бас тарту керек. Демек, қысқа тосап пен компоттар жасалынбайды деген сөз. Бұл қыста балалы отбасылар үшін жағдайдың ауырлауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Әрине, қантты мүлде жемеу адам үшін пайдалы. Бірақ сіз тұтынып жүрген кез келген жартылай фабрикатта қант бар екенін ұмытпаңыз. Қант жемеймін деп жүріп, сіз шын мәнінде қантты көп тұтынып жүруіңіз мүмкін.
Көкөніс
Көкөніс бір жылда 44 пайызға қымбаттады. Қияр, қызанақ ала қояйын десеңіз қымбатшылық қамытын бірден сезесіз. Мен көкөністі тіпті немен алмастыруға болатынын білмеймін. Деніңіз сау болсын, балалар ағзаға қажетті витаминдерді алсын десеңіз одан бас тартуға болмайды. Сондықтан дәл осы жерден үнемдей қоятын ештеңе көріп тұрған жоқпын. Онымен бірге – тағамның әлеуметтік тобына кіретін картоп бағасы 37,8 пайызға өскен. Картоп ыстық тағам құрамында негізгі толтырушылардың бірі (гарнир, жаркое, сірне тб).
Құс еті
Қазақстанда көп отбасылардың сиыр, қой, жылқы етінің қатты қымбаттауына байланысты 2019 жылдан бастап тауық етіне көшіп алғаны жасырын емес. Оны құс еті мен сиыр етінің тұтыну динамикасына қарап, байқауға болады. Сиыр етінің тұтыну қарқыны жыл сайын шамамен 0,9%-ға төмендеп, керісінше тауық етін тұтыну артып бара жатыр. Ол әрине, жетіскендіктен емес. Адамдар өз еркімен қызыл еттен қашып, ақ етке ауысып жатыр деп айтуға келмейді. Тауық еті басқаларға қарағанда сәл арзандау болды. Бірақ, ол да бір жылда 25,5 пайызға қымбаттаған. Тауық етін немен алмастыруға болады. Еттің ішінен ең арзаны сол. Сондықтан оны басқа етпен алмастыра алмайсыз немесе еттен түпкілікті бас тарту керек.
Макарон
Макарон өнімдері бір жылдың ішінде 17,7 пайызға қымбаттады. Ол да отандастарымыздың тағам рационындағы негізгі құрамдас бөлікке жатады. Әрине, гарнир ретінде қарастырсақ, макаронды бағасы қатты көтеріле қоймаған күрішке ауыстыруға болар еді. Бірақ макароннан түбегейлі бас тарту мүмкін емес. Бидайдың қатты сұрыптарынан жасалатындықтан, анда-санда макарон тұтынып тұру қажет.
Бұл ретте, қазақстандықтарда артқа шегінер жер қалмай тұрғандығын айта алар едім. Егер устрица қымбаттап кетіп, отандастарымыз шағымданып жатса, онда «устрицаның орнына күріш жеңдер» деп орнына қоюға болар еді. Бірақ біз қымбатшылық әсерінен ең қарапайым, ең қажет тағамдарды жеткілікті деңгейде сатып ала алмай қиналып отырмыз.
Инфляция парадоксы
Еуроодақ былтырдан бастап инфляция парадоксын бастан кешіп отыр. Тіпті, азық-түлік өндірушілеріне түрлі салықтық жеңілдіктер жасаса да, түбінде азық-түліктің қымбаттауы орын алған. Еуроодақ оны парадокс деп атады. Біз де осыған ұқсас парадокстан ешқайда қашып құтыла алмайтынымызды түсіндіргім келеді. Бәріміз қант, макарон сатып алуды доғарып, ашығып жатсақ та, олардың бағасы түспейді деген сенім бар. Сондықтан азық-түліктегі тұтынуды қысқарту оның бағасының түсуіне, немесе азық-түлік инфляциясының саябырсуына еш көмектесе алмайды. Ал басқа шығындарды (егер ондай болса әрине) қысқартып көруге болады. Мысалы, тойға бармау, той жасамау, көлікті қаңтарып автобуспен жүру сияқты. Бірақ мен танитын адамдардың көпшілігі бұл шығындарды баяғыдан бері өз бюджетінен алып тастаған.
Ия, министрдің макроэкономикалық ойы дұрыс. Нарықтан басы бос ақшаны жоймай, инфляцияның артынан қуып жете алмаймыз. Ұлттық банктің проценттік каналды пайдаланып, базалық ставканы жоғары ұстап отырғаны да содан. Банктерде басы артық ақша көп және базалық ставка жоғары болса олар экономиканы кредиттеуден көрі, қазынашылық операциялармен (РЕПО, ҚРҰБ ноталары) көбірек айналысатын болады. Оның дәлелі ретінде сәуір айында кредиттеудің 0,6%-ға қысқарғанын көріп отырмыз. Банктер бір айда кредиттеуді 127,3 миллиард теңгеге қысқартқан. Сонда жалпы несие портфелі 20,32 триллион теңге болды.
Ұлттық банк инфляцияның 15%-ға жететінін болжап отыр. Үкімет экономикалық өсімнің тоқтап қалу қаупіне алаңдаулы. Ал адамдар айлығының тамаққа жетпей жатқандығын көріп, уайымдап жүр.