Қазақстан бейбіт ел, достықтың мекені ретінде әлемге танымал – тарихшы
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясы 24 жыл бойы еліміздегі қоғамдық, саяси, әлеуметтік және азаматтық маңызды міндеттерді атқарып келеді. ҚХА-ның қазақстандықтардың өміріндегі орны өзгеше.
Ассамблеяның 29 cәуірде өтетін XXVII съезі қарсаңында Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарихшы Жамбыл Жұмабеков пікір білдіріп, қазақ елін «Қазақстан халқы бірлігі» мерекесімен құттықтады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы іс-жүзінде Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастардың гармониясын қалыптастырып, бірлігін нығайтты. Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Жамбыл Жұмабековтың пікірі осындай.
«Мұндай идеяның жаңашылдығы – мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің өзара ортақ іс-қимылдарының негізінде этносаясатты жүзеге асыру. Тәуелсіздік жылдары Ассамблея қоғамдық-саяси тетік ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ассамблеяның дамуына қажетті құқықтық жүйе қалыптасып, мемлекеттік құрылымдармен қарым-қатынасы дами түсті. Ассамблея аясында мәдениетаралық диалогтың дамуына, халықтың бейбіт өмір сүруіне және бірлікті сақтауға ұмтылуына жол ашты», - дейді ол.
Жамбыл Әзмұқанұлы ҚХА-ны құрудағы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да еңбегінің орасан екенін атап өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясын құруда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі зор. Қазақ елінің мәңгілік ел болуын асыл мұраты деп білген Елбасымыз, еліміздің тұрақтылығын, бірлігін қамтамасыз етуді Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап ойластырғаны мәлім. Осы мақсатты жүзеге асыруда 1995 жылы әлемде баламасы жоқ қоғамдық инстиут – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған болатын. Ассамблея қоғамдық-саяси, әлеуметтік, азаматтық маңызды міндеттерді атқарып келеді. Полиэтникалық және полимәдени қоғамдық ортақ қауымдастыққа интеграциялауды қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстандағы патриотизмді қалыптастыру, ұлттық бірлікті нығайтудың ұйытқысы болып отырған қазақ тілін үйрену мәселелерін де қамтиды», - дейді тарихшы.
Оның ойынша, 29 cәуірде ел астанасы, бас қала Нұр-Сұлтанда өтетін ҚХА-ның кезекті сессиясында Қазақстандағы өзекті мәселелер талқыланып, қоғамдық бірлікті нығайту мәселелері көтерілуі мүмкін.
«Ассамблеяның сессиясы жыл сайын Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткізіліп тұрады. Сессия барысында Қазақстандағы өзекті мәселелер талқыланады және ұдайы қоғамдық бірлікті нығайту мәселесі де назардан тыс қалмайды деп ойлаймын. Қазақстан бейбіт ел ретінде, достықтың мекені ретінде әлемге танымал болды. Сессия барысында осы бағыт-бағдарды одар әрі дамыту мәселелері қарастырылатыны сөзсіз. Этникалық топтардың және конфессиялардың достығы, бірлігі, өзара қарым-қатынастарының келісімділігі мемлекетіміз үшін өте маңызды», - деді ол.
Сондай-ақ Жамбыл Әзмұқанұлы 1 мамыр Қазақстан халқы бірлігі мейрамына орай қазақстандықтарға тілегін жеткізді.
«Қазақстан халқы бірлігі күні қарсағында қазақстандықтарға ашық аспан, бейбіт өмір тілеймін. Халқымыздың бірлігі ажырамасын, мемлекетіміз әлемдегі таңдаулы елдердің қатарынан көрінсін. «Бірлік бар жерде – береке бар» дейді, еліме құт-береке тілеймін!» - деп тіледі Жұмабеков.