Тарихтағы ең қауіпті індеттер вакцина арқылы ғана тоқтатылды – дәрігер
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Адамзат тарихында қауіпті аурулар вакцинациямен тоқтады. Коронавирустан тек екпе ғана қорғай алады.
Вакцинация бүгінгі күні КВИ-дің таралуымен күресудің жалғыз дәлелденген әдісі болып қала береді. Бұл – Бұланды аудандық емханасының меңгерушісі Кенжеболат Мәуліпбергеновтің пікірі.
Дәрігер ауданда вакцинацияның қалай жүргізіліп жатқанын айтты.
Бүгінгі таңда вакцинация өте қажет. Өйткені ол әлемді жайлаған КВИ індетінің таралуына қарсы күресудің жалғыз дәлелденген әдісі болып қала береді. Осы күнге дейін әлемде бұдан басқа ештеңе ойлап табылған жоқ. Өткен ғасырдың 70-жылдары қызылша, қызамық, табиғи шешек, туберкулез, дифтерия болғанын барлығы біледі. Тарихтағы ең қауіпті індеттер вакцина арқылы ғана тоқтатылды. Ол кезде қазіргідей елді адастыратын жалған ақпарат тарататын әлеуметтік желілер болмады. ДДСҰ ұсынысына сәйкес, ұжымдық иммунитетті дамыту үшін халықтың 60%-ы қайта вакцинациялануы керек. Әйтпесе біз қауіпті вирусты тоқтата алмаймыз. Бұған күн сайын өршіп, адамзатты жалмап жатқан коронавирустың мутациялық формалары дәлел, – деп бөлісті дәрігер.Оның айтуынша, Бұланды ауданында тұрғындар бастапқыда вакцинациялауға құлықсыз болған. Бірақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні вакцинациялауға ниет білдірушілердің саны артып отыр.
Бүгінгі күні жоспар бойынша 12 мың тұрғыннан 6 мыңнан аса адам егілді, бұл аудан бойынша 40%-ды құрайды. Бұл дәрігерлер үшін күнделікті ауыр жұмыс. Әр апта сайын біз ұйымдарға барамыз, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, әлеуметтік желілер арқылы да жұмыс істейміз, - деп толықтырды Кенжеболат Мәуліпбергенов.Бұланды ауданында бүгінгі күні мұздатқыш камералармен жабдықталған үш егу пункті жұмыс істейді, оларда суық тізбекке сәйкес вакцина сақталады. Бұландыда үш бригада бар, қажет болған жағдайда кәсіпорын қызметкерлерін вакцинациялау үшін жылжымалы бригадалар құрылады.
Тұрғындар міндетті түрде екпе алулары қажет. Біз қазір індет жұқтыру жағдайларының өте көп өскенін көріп отырмыз. Аудан бойынша бұл тіпті 50 төсектік инфекциялық стационар ашуға дейін алып келді. Өткен жылы бізде провизорлық стационар болды. Бірақ облыс орталығында КВИ науқастарының үлкен өсіміне байланысты біздің науқастарды қабылдай да алмайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен санаторий базасында 50 орындық инфекциялық стационар құрдық. Қазір ол 50% толтырылған, бірақ бұл тек екі күн ішіндегі көрсеткіш. Болжамдар әлі күнге дейін көңіл көншітпейді, күн сайын ауруханаға түсетін науқастар саны артып келеді. 30 шақыртудың 80%-ы – дене қызуы бойынша шағымданса, ал 80-90%-ында КВИ-ге тест оң нәтижені көрсетті, - деп түсіндірді Кенжеболат Мәуліпбергенов.Дәрігердің өзі аурудың өсуін, ең алдымен, азаматтардың карантиндік шараларды дұрыс сақтамауымен байланыстырады.
Бурабай курорты мен елорданың жақын орналасуы да індеттің өршуіне әсер етуде. Бізде Нұр-Сұлтаннан келімді-кетімді жолаушылар ағыны көп. Өйткені біз елорданың шекаралас аудандарымыз. Ең бастысы, аудан тұрғындары вакцинацияға саналы түрде баруы керек, өйткені олардың айналасындағы адамдардың денсаулығы мен өмірі де осыған байланысты, - деп түйіндеді дәрігер.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Екібастұз қаласындағы инфекциялық аурухана жаңартылады
Келесі жаңалық
Қысқы балық аулау. Ондаған азамат жауапкершілікке тартылды
Өзгелердің жаңалығы