Тарихи жеңіс: Канада алғаш рет әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты
Осы әлем чемпионатына дейін канадалықтар әлем біріншілігіндегі барлық алты кездесуінде жеңіліп келген.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде Канада құрамасы Оңтүстік Африканы 1:0 есебімен жеңіп, өз тарихында алғаш рет турнирдің 1/8 финалына жолдама алды.
Кездесудің негізгі уақыты тең дәрежеде өтіп, қос команда да қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, шешуші сәт қосымша уақыттың екінші минутында туды. Канадалық жартылай қорғаушы Стивен Эстакио айып алаңы сыртынан дәл соққы жасап, командасына жеңіс сыйлады.
Бұл жеңіс Канада үшін тарихи жетістікке айналды. Осы әлем чемпионатына дейін канадалықтар әлем біріншілігіндегі барлық алты кездесуінде жеңіліп келген. Ал биыл олар топтық кезеңде Катарды 6:0 есебімен ойсырата жеңіп, алғаш рет плей-оффқа шыққан болатын.
Матчтан кейін Канада құрамасының бас бапкері Джесси Марш ойыншыларын ерекше құттықтады.
«Сіздер – канадалық батырларсыздар. Осы жеңістің арқасында еліміздегі мыңдаған балалар футболға жаңа көзқараспен қарайды. Бұл – канадалық футбол үшін тарихи күн», – деді ол.
Ойын барысында Канада бірнеше мәрте есеп ашуға мүмкіндік алғанымен, Оңтүстік Африка қорғанысы ұзақ уақыт бойы төтеп берді. Екінші таймда жарақатынан айыққан команда капитаны Альфонсо Дэвистің алаңға шығуы канадалықтардың шабуылын күшейтіп, нәтижесінде Эстакио жеңіс голын соқты.
Енді Канада ширек финал жолдамасы үшін Нидерланды мен Марокко арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды. Кездесу 4 шілдеде АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді. Дэвистің қатарға қайта қосылуы бұл матч алдында Канада құрамасы үшін маңызды артықшылық саналып отыр.