Тарихи тамыр, егемендік, "Заң мен тәртіп": жаңа Конституция преамбуласында не өзгерді?
Конституция қоғамның мемлекеттік құрылым қағидаттарын жаңғыртуға, құқықтың рөлін күшейтуге, әділет пен биліктің азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға деген сұранысын көрсетеді. Жаңа Конституция жобасы институционалдық өзгерістерді бекітіп қана қоймай, елдің қазіргі шындығы мен Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына сай келетін әрі болашақ дамудың құндылықтық негізін қалыптастырады.
Осы тұрғыда Ата заңның жаңартылған преамбуласы ерекше назар аудартады: онда ұлттық дамудың негізгі бағдарлары, тарихи сабақтастық пен жалпыұлттық құндылықтар айқын көрініс тапқан. Жаңа преамбуланың мағынасы мен мазмұны туралы өз көзқарасын BAQ.KZ тілшісіне заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова айтып берді.
Сарапшының айтуынша, жаңа Конституция жобасында преамбула дерлік толық жаңартылған.
Жаңа Конституция жобасында преамбула іс жүзінде түгелдей жаңартылған. Бұл негізді ме? Әрине. Өйткені бұрынғы преамбула тәуелсіздік қалыптасқан кезеңді бейнелесе, қазіргі нұсқада орныққан мемлекет пен кемелденген қоғам туралы айтылады. Яғни жаңа кезеңдегі саяси және экономикалық даму жолын айқын түсінетін, бүгінгі шынайы жағдай мен келешек мүмкіндіктерді ескере отырып, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін қоғамның бейнесі көрінеді. Егер преамбулада бекітілуі ұсынылған идеяларға ой жүгіртсек, біз елімізді қандай күйде көргіміз келетінін, қазақстандық арман-мүддемізді жүзеге асыру жолында біз үшін нендей құндылықтардың маңызды екенін айқын аңғарамыз, – деп түсіндірді ол.
Профессордың пікірінше, Конституция жобасының преамбуласында алғаш рет жалпыұлттық құндылықтарымыз нақты әрі анық көрсетілген.
Бұл жерде әңгіме уақыт пен жағдайға қарамастан өзгеріссіз қалуға тиіс құндылықтар туралы болып отыр. Конституция Қазақстан мемлекеттілігінің терең тарихи тамыры бар екенін және Ұлы даланың мемлекеттілік дәстүрлерінің жалғасы екенін тікелей айтады. Біз әлемге конституциялық болмысымыздың тарихқа, мәдениетке және ұрпақтар сабақтастығына сүйенетінін мақтанышпен әрі жауапкершілікпен жария етеміз, – деді Индира Әубәкірова.
Ғалым преамбулада Қазақстанның шекарасы мен аумағының қол сұғылмайтыны туралы ой да едәуір нақты берілгенін атап өтті. Бұл – егемендік, тұрақтылық пен ел қауіпсіздігі халқымыз үшін сөзсіз құндылық екенін және оның қайта қарауға жатпайтынын білдіретін маңызды белгі.
Преамбулаға ерекше маңыз беріп тұрған бағдарлардың бірі – "Әділетті Қазақстан" ұғымы және оның негізінде жатқан "Заң мен Тәртіп" қағидаты. Мұнымен қатар адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы тікелей көрсетілген. Мұның бәрі мағынасы терең маңызды үндеуді білдіреді: мемлекеттік билік әділетті болуы, заң аясында әрекет етуі және азаматтардың мүддесіне қызмет етуге тиіс. Ал азаматтар өз өмірін заң мен тәртіпке сүйене отырып құрып, мемлекет алдындағы міндеттерін де сақтауы қажет. Бұл үндеу тек құқықтық шеңберді ғана емес, билік пен халық үшін моральдық бағдарды да белгілейді, – деді ол.
Осылайша, ұсынылған пікір Конституцияның жаңа жобасындағы преамбула жай декларация емес, мағынасы терең мазмұндық құжат екенін айқын көрсетеді. Ол мемлекет, қоғам және билік үшін даму бағытын айқындайтын құндылықтық әрі моральдық-құқықтық бағдар ретінде қызмет етеді.
Жаңартылған преамбула қазақстандық мемлекеттіліктің кемелденгенін, тарихи тамырға сүйенетінін және негізгі қағидаттардың – егемендік, әділет, заң мен тәртіптің – өзгермейтінін бекітеді. Оның елдің жаңа кезеңдегі дамуына идеологиялық әрі құқықтық негіз ретінде атқаратын ерекше рөлі дәл осы тұстан көрінеді.