Тарихи романдардың өз дәуіріндегі миссиясы қалай болды?
Тарихи романдардың қоғамдық санаға әсері, ықпалы қандай болды? Қазіргі күні тарихи романдар оқыла ма? Бұл тақырып «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасының кезекті шығарылымында талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Әдебиет порталының» YouTube арнасына сілтеме жасап.
Подкастқа қатысып отырған қонақтың бірі, журналист Назым Дүтбаева талай жыл кітап ұлттық құндылық деп есептелмеді. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін қабылданған жоба жақсы басталып келе жатыр деген оймен бөлісті.
Шындығына келгенде ұлттың бірегейлігі, ұлттың өзін-өзі тануы, өз-өзіне үңілуі – меніңше өз тарихын білуден басталады, - деді азым Дүтбаева.
Демек «100 кітап» жобасының бағыты дұрыс, мақсаты айқын деген сөз. Оқырмандар арасынан келген, олармен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген кітапханашы Қанат Алтынбек былай дейді:
Әрине біз осы жүз кітаппен қазақ әдебиетінің шекарасын тоқтата алмаймыз. Ол әрі асып кетеді. Дегенмен ең алғашқы тізімге енген кітаптардың қай-қайсын да біз осал, оқырман оқымайды деп айта алмаймыз.
Қазақ жазушыларының өз тарихи дүниелері арқылы өз ойларын, замана шындығын толығымен ашып жазуға мүмкіндігі болмады. Бұл жөнінде әдебиеттанушы Ләйла Мұсалы өз пікірін былай жеткізді:
Тәуелсіздікке дейін қаншама адам жансебілдің күйін кешті. Біздің қаншама ойлы азаматтарымыздың іштен тынып жүргенінің бір күшейтілген, арнайы бір формасын тапқан. Ол әр жазушының өз стильдік амалы ғой.
Осындай тосын ойлар мен тың идеяларды «Әдебиет порталының» YouTube арнасындағы «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасынан көрулеріңізе болады.