Тарихи мұраны қорғау ережесі түбегейлі өзгереді
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және археология қызметін реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бұл бағытқа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көңіл бөліп, Ұлттық құрылтайда бірқатар нақты тапсырма берген.
Ұсынылған заң жобасы – сол тапсырмалардың нақты орындалуы. Бұл – депутаттар мен ғалымдардың бірлесіп жасаған ортақ еңбегі, – деді Асхат Аймағамбетов.
Ол саладағы негізгі проблемалар мен оларды шешуге бағытталған нормаларға тоқталды.
Депутат ең алдымен лицензиялау жүйесінің тиімсіздігі жайлы айтты.
Қазір археология саласында лицензиялар мерзімсіз беріледі және ескерткіштердің барлық түрімен жұмыс істеуге ортақ рұқсат саналады. Мысалы, ұйым бір рет лицензия алған соң, кейін оның мамандары бар ма, біліктілігі жеткілікті ме – бұл тексерілмейді. Сол лицензиямен ол ұйым өмір бойы, еш шектеусіз және еш міндеттемесіз мәдени мұра нысандарымен жұмыс істей береді, - деді Асхат Аймағамбетов.
Тағы бір проблема – археологиялық және реставрациялық жұмыстарға бір ғана лицензияның берілуі. Формалды түрде жеке санаттары болғанымен, іс жүзінде бұл екі саланың айырмашылығы ескерілмей келеді.
Сол себепті реставраторлар қазба жұмыстарымен, ал археологтар реставрациямен айналысып жүрген жағдайлар кездеседі.
Нәтижесінде сапасыз қазбалар мен бүлінген ескерткіштер пайда болып отыр.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, енді бұл жүйе түбегейлі өзгереді.
Біз әділ лицензиялау жүйесін енгіземіз, – деді депутат.
Жаңа нормалар бойынша:
- Екі бөлек лицензия енгізіледі – археологияға бөлек, реставрацияға бөлек;
- Әр лицензияның нақты мерзімі болады – 5 жыл;
- Әрқайсысы үшін арнайы біліктілік талаптары белгіленеді;
- Егер заң талаптары бұзылса, лицензияны 6 айға дейін тоқтату немесе қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл – саланы тазалап, нағыз мамандарға жол ашатын шешім, – деп айтты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.