Тарихи кодтың генезисі мен эволюциясында екі дәуір бар – Ханкелді Әбжанов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақтың тарихи кодының эволюциясында екі дәуір бар. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов «Ұлы дала құндылықтары: тәуелсіздік және тіл» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция барысында айтты.
Шара барысында профессор Ханкелді Әбжанов ұлтты жатсыну ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін айтып, бастау бұлағын танымаған жан бөтеннің жетегінде кететінін баса айтты. Тарихын білмейтін азаматтардың жағдайына алаңдаушылық білдіретінін жеткізді.
Қазақстан азаматтарының бәрі бірдей тарихшы болуы міндетті емес. Бірақ елі мен жерінің, халқы мен тұлғаларының тағдыр-тарихынан кем дегенде мектеп бағдарламасы деңгейінде хабардар болуы – әркімнің перзенттік парызы. Бұл туралы қанша жерден айтылғанымен, іс-жүзінде отан тарихынан жаппай сауаттылыққа әлі күнге дейін жеткен жоқпыз. Жыл сайын мыңдаған кітаптар мен мақалалар, БАҚ материалдары жарияланып, ауқымды бұқаралық науқандар жүріп жатқандағы ахуал осындай. Кеше ғана мектеп бітірген, бүгінгі студент жастар арасында арғы бабаларымыз Орхон жазуын түзгендер екенін, Алтын Орда әлемдік империя биігіне көтерілгенін, қазақ хандығын ұлттық мемлекет ретінде танымайтындар қаптап жүр, - деді тарихшы.
Ханкелді Махмұтұлы қазақтың тарихи кодының дамуы барысында екі дәуір бар екенін айтып, тарқатып берді.
Тарихи кодтың генезисі мен эволюциясында екі дәуір бар дей аламыз. Бірінші дәуір адамдар қауымы пайда болғаннан ұлт ретінде қалыптасқанға дейінгі аралықты алып жатыр. Бұл – құбылмалы дәуір. Бүгін бар қауым ертең жұтылып, жоғалып, басқалармен мидай араласып кетіп жатты. Ұлы даланың тарихи коды қола ғасырында орныққан тәрізді. Өйткені қымыз, домбыра, аң стилі сол заманның еншісінде. Екінші дәуір тұрақты адамдар қауымы өзін өзі ұлт ретінде танығаннан, басқалардан рухани, өмір салты, құндылықтары т.б. мәнді белгілері жағынан өзгеше екенін білгеннен басталады. Екінші дәуірде тарихи кодқа айрықша реңк берген фактор – ұлттық мемлекеттің пайда болуы. Хронологиялық тұрғыдан бұл дәуір біріншден әлдеқайда қысқа, ал мазмұны мен ерекшеліктері бойынша мейлінше бай, - деп атап өтті Ханкелді Әбжанов.
Еліміздің рухани құндылықтарын ұлттық код ретінде насихаттау мақсатында өткізілген шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ұйымдастырды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Балаева жастарды белсенді болуға шақырды
Өзгелердің жаңалығы