Тарих қалай хатталады? Президент Архивіндегі бірегей жобаның тұсауы кесілді
ҚР Президенті Архивінде қазіргі заман тарихы құжаттарын жинақтауға арналған монография таныстырылды.
Қазақстанда алғаш рет қазіргі заман тарихына қатысты құжаттарды архив қорына жинақтау ісі жүйелі түрде ғылыми тұрғыда сипатталды. Ғылым күні қарсаңында «Қазақстан Республикасы Президентінің Архивін қазіргі заман тарихының құжаттарымен жинақтау: тәжірибе, проблемалар және перспективалар» атты ұжымдық монография таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басылым архив ісі мамандары, зерттеушілер, оқытушылар мен мемлекеттік қызметшілер үшін маңызды ғылыми-әдістемелік болмақ.
Кітаптың таныстырылымы 10 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде өтті. Іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, депутаттар және архив саласының жетекші мамандары қатысты.
Жиынды ашқан Архив директоры Әлия Мұстафина еліміздегі ауқымды саяси өзгерістер мен конституциялық жүйенің жаңғыруы жағдайында архивтердің мемлекеттік жадының негізгі институты ретіндегі рөлі арта түскенін атап өтті. Оның айтуынша, құжаттармен тиімді жұмыс жүргізу ғылыми негізді талап етеді. Бұл тәсіл архив материалдарын іріктеу, сақтау және пайдалануды жүйелеуге мүмкіндік береді.
Президент Архиві жұмысының ғылыми әлеуеті іргелі басылымдарды дайындау, пәнаралық зерттеулерді дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту арқылы жүйелі түрде нығайып келеді. Назарларыңызға ұсынылып отырған монография – архивтік практика мен ғылыми талдаудың ұштасуының жарқын үлгісі. Бұл еңбек Президент Архиві қызметін ғылыми зерделеудің нәтижесі ғана емес, сонымен бірге архив саласын одан әрі дамытудың стратегиялық пайымын көрсетеді, – деді Әлия Мұстафина.
Айта кету керек, еңбекте мемлекеттік архивтерді қазіргі кезең құжаттарымен жинақтау мәселелері Президент Архивінің тәжірибесі негізінде жан-жақты қарастырылған. Сонымен қатар архив қорларын қалыптастырудың теориялық және қолданбалы қырлары кеңінен талданады.
Басылымда отандық және шетелдік тарихнамаға шолу жасалып, жинақтау үдерістерін реттейтін нормативтік-құқықтық базаға талдау берілген. Бұл архив қорларын қалыптастыру жұмысын түсінуге және оның әдістемелік сүйемелденуін ұғынуға мүмкіндік береді.
Басылым тарихшыларға, ғалымдарға, зерттеушілерге, мемлекеттік және ведомстволық архив қызметкерлеріне, сондай-ақ бейіндік мамандықтардың оқытушылары мен білім алушыларына арналған.
Еске сала кетейік, 3 сәуір күні Президент Архивінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары (1991–2024 жж.)» атты анықтамалық та таныстырылған болатын. Үш жылдан астам уақыт дайындалған бұл іргелі еңбек тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап бүгінгі институционалдық реформаларға дейінгі мемлекеттік басқару жүйесінің эволюциясын қамтиды. Жалпы, тәуелсіздік жылдары ішінде Архив ел тарихының маңызды кезеңдеріне арналған 90-ға жуық құжаттық басылым жарық көрген.