Тарих пен табиғат тоғысқан мекен: Түркияның шығыс аймағына саяхат

Қазан айында Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінің шақыруымен, сондай-ақ министрлік жанындағы Түркия туризмін ілгерілету және дамыту агенттігінің (TGA) ұйымдастыруымен БАҚ өкілдеріне арналған іссапар ұйымдастырылды. Іссапар барысында журналистер Муш, Битлис, Сиирт және Батман қалаларында болып, тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шығыс Анадолы қойнауындағы көне Муш

Муш қаласының әуежайынан арнайы көлік пен гид қызметі қарсы алды. Көршілес Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елінен 6 делегат келді. Муш қаласы тарихи, көне қала екені бірден сезіледі. Муш теңіз деңгейінен шамамен 1300-1400 метр биіктікте орналасқан. Қала кең жазық және таулы аймақтардың түйіскен тұсында жайғасқандықтан, климаты континенталды сипатқа ие.

Муш далалары көктемде қызғалдақтармен көмкеріліп, аймаққа ерекше көрік береді деседі. Алайда біз күз уақытында барғандықтан салқын самалды сездік. Сондай-ақ қаланың маңында көлдер, үңгірлер, өзен аңғарлары көптеп кездеседі. Муш аймағының тарихы мыңдаған жылдарға созылады. Бұл өлкені әр дәуірде түрлі өркениеттер мекендеген. Ежелгі замандарда Урарту патшалығының ықпалында болғаны археологиялық айғақтардан белгілі. Орта ғасырларда Муштың маңы Тарон деген атпен белгілі болып, армян мәдениетінің маңызды орталықтарының біріне айналған. Кей кезеңдерде қала Византия билігіне өтсе, кейін түркі тайпалары мен мұсылман династияларының құрамына енеді. Осман империясы тұсында Муш стратегиялық маңызы бар шаһарға айналып, әкімшілік орталық ретінде дамиды.

Муш халқының басым бөлігін күрд ұлты құрайды. Өңірдің мәдениеті дәстүрлі музыка, ұлттық билер, қолөнер және жергілікті тағамдар арқылы көрініс табады. Муштың ең танымал ұлттық дәмдерінің бірі муш көфтесі, сондай-ақ аймаққа тән түрлі дәнді-дақыл тағамдары мен тәттілер де кең тараған. Алыстан келген қонақтарды қонақ үйге орналастырып, бірден дәмханаға алып барды. Муш көфтесінің дәмін тату бізге де бұйырды. Қалада діни және тарихи ескерткіштер өңірдің маңызды мекен екенін көрсетіп тұрғандай. Әсіресе көне мешіттер мен медреселерді көп кездестіруге болады. Солардың бірі Улу Жами мешіті. Мешіттің архитектурасы Шығыс Анадолы ислам мәдениетінің ерекшеліктерін көрсетеді.

Қаланың инфрақұрылымы жыл сайын жаңарып келе жатқанын байқауға болады. Әуежай, қонақүйлер, жолдар, қызмет көрсету орындары туристер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда.Кешкі Муштың атмосферасы да бөлек.

Тарихи тамыры терең қала - Битлис

Түркияның Шығыс Анадолы аймағында орналасқан Битлис қаласы табиғаты сұлу, тарихы терең, этномәдени мұрасы бай өңірлердің бірі. Теңіз деңгейінен 1500 метрден жоғары таулы алқапта орналасқан бұл қала – бір жағынан Ван көліне жақын, екінші жағынан Тигр өзенінің бастау алады. Географиялық ерекшелігі мен тарихи оқиғалары Bитлистің өзіндік мүсінін қалыптастырып, оны Шығыс Түркияның архитектуралық жәдігерге толы маңызды орталығына айналдырды.

Битлис – мыңдаған жылдық оқиғаларды бойына жинаған көне мекен. Ежелгі деректерде бұл аймақ Урарту патшалығының құрамында болғаны айтылады. Кейіннен ассириялықтар, парсылар, Александр Македонскийдің мұрагерлері, римдіктер мен византиялықтар өңірге өз ықпалын жүргізген.

Орта ғасырларда қала әсіресе түркі-селжұқ және курд әмірліктерінің маңызды орталығы болады. XII ғасырдан бастап қалыптасқан Битлис әмірлігі XIX ғасырға дейін өмір сүріп, қалада саяси, мәдени және сауда орталығы ретінде өз билігін сақтап келді. Осман империясы кезеңінде Битлис аймақтық әкімшілік орталыққа айналып, жол торабы ретіндегі рөлі арта түсті. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қала ауыр шайқастарды бастан өткергенмен, тарихи келбетін толықтай жоғалтпай сақтап қалған.

Қаланың басты сәулет ескерткіштері

Битлис қамалы (Bitlis Kalesi) - жартастың үстіне қондырылған көне қамал – қаланың символы. Аңыз бойынша, қамалды кезінде Александр Македонскийдің қолбасшысы салдырған деген пікір бар. Қамалдан қала панорамасы айқын көрінеді.

Ұлы мешіт (Ulu Cami)- XII ғасырда салынған тарихи мешіт – ортағасырлық ислам сәулетінің көрнекті үлгісі. Битлис – Түркияның шығысындағы өзіндік тарихы, өзіндік архитектурасы және өзіндік мәдениеті бар ерекше қала.

Табиғаты мен тарихы үйлескен Сиирт қаласы

Келесі бағытымыз Сиирт қаласы болды. Қалааралық жолдар өте жақсы, сапалы екенін байқауға болады. Бұл да туризм үшін өте маңызды. Бұл қалада біз көрген ерекше туристік орын Ботан алқабы болды. Өңірдің табиғатын, сұлулығын көрсететін және туристер мен қонақтар жиі келетін орын. Сиирт қаласы қолмен тоқылған кілемшелерімен кеңінен танымал. Бұл қалаға келгенде міндетті түрде палау жеу керек.

Батман мұнайлы қала мен ежелгі тарихтың тоғысы

Соңғы нүкте Батман өзенінің жағалуында орналасқан мұнайлы қала Батманға ат басын бұрдық. Бұл шаһар Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан тарихи және экономикалық маңызы зор өңір болып есептеледі. Қала XIX ғасырда қалыптасып, 1950 жылдардан бастап мұнай өндірісі арқасында қарқынды дамыған. Мәдениет пен тарихқа қызығушылық танытатындарға Hasankeyf тарихи қалашығы тартымды. Қала ежелгі Месопотамия мәдениетімен байланысты және археологиялық қазбаларға бай. Батманнан Стамбулға қатынайтын арнайы рейс бар. Егер бұл қалаға жолыңыз түссе ежелгі дәуір мен қазіргі заманның бет бейнесін көре аласыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы