Тарифтер мен сенім дағдарысы АҚШ экономикасына қалай әсер етуі мүмкін?
АҚШ экономикасы үшін тарифтердің төндіріп отырған қауіп-қатерлерінің ішінде ең тосын әрі алаңдатарлығы – доллардың құнсыздануы, деп хабарлайды BAQ.KZ APnews-ке сілтеме жасап.
Әлемдік валюталар инфляция қаупі, орталық банктердің саясаты және өзге де факторларға байланысты үнемі құбылып отырады. Алайда экономистердің айтуынша, соңғы уақытта АҚШ долларының күрт әлсіреуі жай ғана нарықтық толқудан емес, әлдеқайда терең және алаңдатарлық себепті білдіреді – президент Дональд Трамптың әлемдік сауда тәртібін қайта құру әрекеттері АҚШ-қа деген сенімнің жоғалуына әкеп соғуы мүмкін.
Доллардың трансшекаралық саудадағы және "қауіпсіз айлақ" ретіндегі жетекші рөлі ондаған жылдар бойы екі партияның да әкімшіліктері тарапынан сақталып келген. Бұл АҚШ-тың сыртқы қарыз алу құнын төмендетіп, Вашингтонға жаһандық аренада ықпалын күшейтуге мүмкіндік беретін. Алайда бұл артықшылықтар АҚШ-қа деген сенім бұзылған жағдайда жоғалуы ықтимал.
Долларға деген жаһандық сенім мен оған тәуелділік жарты ғасырдан астам уақыт бойы қалыптасты. Бірақ бұл сенім бір сәтте-ақ жойылып кетуі мүмкін, – дейді Берклидегі Калифорния университетінің экономисі Барри Эйхенгрин.
Қаңтар айының ортасынан бері доллардың бағамы бірқатар валютадан тұратын корзинаға қатысты 9%-ға төмендеді. Бұл – өте сирек кездесетін әрі күрт құлдырау, доллар үш жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге жетті.
Инвесторлардың көбі Трамп саясатына алаңдағанымен, доллар жақын арада резервтік валюта мәртебесінен айырылып қалады деп ойламайды. Дегенмен, долларға деген сенімнің баяу да болса әлсіреуі – АҚШ үшін бұрынғы экономикалық артықшылықтарын жоғалту қаупін туғызатын үрейлі белгі.