Тариф өсімі: операторлардың қаржылық көрсеткіштері зерттеліп жатыр
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі соңғы бес жылдың қорытындысы бойынша ұялы байланыс операторларының қаржылық көрсеткіштеріне талдау жүргізе бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жыл қорытындысына арналған брифинг барысында мәлімдеді.
Журналистердің сұрағына жауап берген министр ведомствоның тексеру жүргізу құзыретіне ие емес екенін атап өтті.
Алайда біз әрбір мобильді оператор бойынша соңғы бес жылдың қорытындысын қамтитын қаржылық талдауды бастадық. Қазір осы мәліметтерді зерделеп жатырмыз, – деді вице-премьер.
Оның айтуынша, бұдан әрі бұл мәселе профильді агенттіктің тұрақты бақылауында болады.
Сондай-ақ журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, министр Қазақстанда жаңа мобильді оператордың пайда болуын әзірге болжау қиын екенін айтты. Оның сөзінше, нарық жеткілікті деңгейде табысты болып қалып отыр және байланыс инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Сондықтан реттеуші бәсекені күшейту үшін жаңа ойыншылардың қызығушылығын құптайды. Дегенмен қазіргі таңда нақты ұсыныстар жоқ, сол себепті жаңа оператордың нарыққа шығуы туралы айту әлі ерте.