Тараздық құтқарушылар суға ағып бара жатқан баланы құтқарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Суға шомылу маусымы басталуына орай Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері суға кету жағдайларының алдын алдын алу шараларын бастап кетті.
Құтқарушылармен адамдар көп шоғырланатын жерлерде, су айдындары мен бассейндерде, білім беру мекемелерінде жүрігізілген қатаң ескертулерге қарамастан балалардың белгіленбеген жерлерде суға шомылу жағдайлары азаяр емес. Оған куә төмендегі жағдай.
2022 жылдың 31 мамырында Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Тараз қаласы, Қант зауыты маңынан ағып өтетін Талас өзенінің маңында, балалар суға шомылуы ықтимал аумақтарда төтенше жағдайдың алдын алу шараларын жүргізу барысында, сағат 12-де өзенде ағып бара жатқан баланы көздері шалып қалған.
Шұғыл түрде Саят, Ермек есімді құтқарушылар жалмажан ағысы күшті өзенге секіреді. Ал бұл уақытта есі кіресілі-шығасылы күйде, судың бетіне бір шығып, бір батып бара жатқан 10 жасар шамасындағы баланы тіпті жанында бірге шомылып жүрген балалар да байқамай қалса керек. Дәл осы уақытта сол аумақта профилактикалық жұмыстар жүргізіп жүрген Ернұр есімді құтқарушы да әріптестеріне көмекке келген. Осылайша 100 метрден астам жерге ағып бара жатқан баланы судан құтқарған құтқарушылар оған шұғыл түрде алғашқы көмек көрсетіп, ішіне жұтып қойған суын шығарған. Аздан соң есін жиған баланың ата-анасын және полиция қызмектерлерін шақыртып, қатаң ескерту жасаған.
Ал анасы өз кезегінде өздерінің кәсіби жұмыстарын жоғары деңгейде меңгерген қырағы құтқарушыларға алғысын білдірді.
Егер сол маңда профилактикалық жұмыстар жүргізіп жүрген құтқарушылар болмағанда, баланың қандай күйде болатындығын елестетудің өзі қиын еді. Осылайша, қайғылы жағдайдың алдын алған құтқарушылар одан әрі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жұмыстарын одан әрі жалғастырған.
Осыған орай, Жамбыл облысы ТЖ департаменті облыс және қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы жабдықталмаған жабайы су көздерінде шомылуға тиым салынғандығын қатаң ескертеді. Сондай-ақ, арнайы рұқсат етілген бассейндерде суға шомылғанда да қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады. Құрметті ата-аналар! Балалардың қауіпсіздігіне ересектер жауапты екенін ұмытпауларыңызды сұраймыз. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, өрт немесе түрлі сипаттағы төтенше жағдай туындаса «101» және «112» нөміріне қоңырау шалу қажеттігін ескертеміз.