Тараздың тойы – тарихтың тойы

Талайлы Тараз жұртшылығы шаһардың төл мерекесін салтанатпен атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ порталының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі.

Еңбек озаттары мен Алтын алқа иелері марапатталды

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының бүгінгі бейнесі де көз тоятындай көрікті. Күн сайын түлеп жаңарып келеді, сәт сайын самаладай жарқырайтын ғимраттары көпшіліктің көзайымына айналуда. 

Заманның талабына жауап беретін кәсіпорындармен, өнімді еңбек ететін өндіріс орындарымен жыл санап толығып отырған Әулиетатаның қарышты қадамы көңіл қуантарлық деңгейде. 

Жылдағы дәстүр бойынша Қала күні мерекесі биыл да жоғары деңгейде тойланды. Мерекенің негізгі іс-шарасы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде кеңінен атап өтілді. 

Алдымен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тараздықтарды мерекелерімен құттықтап, шаһардың бүгінгі ауқымды жетістіктеріне тоқталды.

Қадірлі тараздықтар! Еліміздегі қалалардың ішінде Тараз шаһарының орны ерекше. Екі мың жылдан астам тарихы бар қаланың бүгінгі жаңарған келбеті де аса шырайлы, көңіл бұрарлықтай ғажайып. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму жағынан да Тараздың мәртебесі жоғары.  Жақында ғана Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне енгенін білесіздер. Еліміздегі қалалардың ішінен мұндай құрметке Тараз шаһары ғана ие болып отыр. Тараздың гүлденуі, көркеюі тұрғындарының ортақ еңбегі. Бұл игі істе әр тараздықтардың үлесі бар. Сондықтан баршаңызды Қала күні мерекесімен құттықтап, әр отбасына амандық, қуаныш және табыстар тілеймін, - деді Нұржан Молдиярұлы. 

Сондай-ақ, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тараздық бірқатар еңбек озаттары мен Алтын алқа иегерлерін марапаттап, көпшіліктің алдында оларға құрмет көрсетті.

Қайрат Нұртас болмаса да, Төреғали шоқтай жанды

Мұнан соң мерекелік концерт басталды. Концерттік бағдарламаны " Қызық таймс" телебағдарламасының жүргізушілері, есімдері елге танымал Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оразғазиннің жүргізуі де көпшілікке жақсы әсер сыйлады.

Қазақстандықтарға Садраддин деп танылған жас әншінің өнеріне де тараздықтар ықыласпен қол соқты. Арасында тараздық бишілер мен күйшілердің өнері көптің көңілінен шыққаны анық. 

Дегенмен, кешенге шамадан тыс көп жиналған жұрт жұлдызды әншілерді күтіп еді. Әйгілі әнші Қайрат Нұртас белгілі себептермен келе алмапты. Ал Ұлы дала баласы болып танылған Төреғали Төреәлі сахнаға шыққанда толассыз келіп, көп жиналған көрерменнің ықыласы ерекше болды. Төреғали Төреәлі осы қолдаудан арқаланып, бірнеше ән шырқады. Тіпті, бұрын орындай қоймаған жаңа әндері де елдің жүрегіне жетіп жатты. Көпшілік алаңда би билеп, тамаша әсерге бөленді.

Күзгі кросс – көңілді таң, мықты денсаулық

Тараздың тойы ән-думанмен ғана өткен жоқ, мерекеде салауатты өмір салты да насихатталды. Бұл күні бұқаралық спортты қолдайтын көпшілік қаланың Орталық алаңына жиналды, олар күзгі кроссқа белсене қатысты. 

Марафонның ашылу салтанатында қала әкімі Бақытжан Орынбеков сөз сөйлеп, көпшілікті мерекемен құттықтады.

Бұқаралық спорт мемлекеттік саясаттың басымдық берген бағыттарының қатарына жатады. Мәні бөлек шараның мақсаты – спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізу арқылы қала күнін мерекелеу, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау және барлық жастағы азаматтарды дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту. Әрі осындай игілікті шаруаға шақыру. Осы орайда, бүгінгі спорт бәсекесіне белсене қатысқан қала тұрғындарына шынайы алғысымды, шексіз ризашылығымды білдіремін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Таңғы салқынмен, таза ауада, керемет ауа райында басталған марафонға жалпы 2 мыңнан астам тұрғын атсалысты. Олар орталық алаңнан бастап, Тұңғыш Президент саябағына дейін жүгіріп өтті. Нәтижесінде мәреге бірінші болып №932 қатысушы Андрей Калюжный келді. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Мемлекеттің демеуімен кәсібін ашқандар мерекеге атсалысты

Мереке қарсаңында «Жастар» аллеясында мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға ие болған, осылайша кәсібін ашып, дөңгелетіп отырған азаматтардың өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Бизнес жиынға 20-дан астам кәсіпкер өз өнімдерін алып келіп, көпшіліктің назарына ұсынды.

Жәрмеңкені аралаған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков кәсіп иелерімен еркін әңгімелесті. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, проблемаларын да шешуге ниет танытты.

Ел билігі қай кезде де өз ісін бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсетуге әзір. Бұл бағытта өңірімізде де көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның нәтижесіне бүгін де куә болып әрі ризалық кейіп танытып отырмыз. Барлығыңыздың еңбектеріңізге тек қана табыс тілеймін. Сіздер арқылы қазынамыз толады, мерейіміз артады, тұрғындарымыз жұмыс табады, – деді шаһар басшысы.

Шараның соңы мұнда да концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Туған қаласының тойын оқушылар да атап өтті

Қала күніне орай оқушылар сарайында "Туған өлкем, қандай көркем!» деген атаумен мерекелік шара өтті. Бұл думанды басқосуға облыс орталығының басшылығы, Жамбыл облысының ақындары, жалпы білім беру мекемелерінің мұғалімдері мен оқушылары келді.

Мерекелік көңіл-күйді "Өрлеу" оқушылар сарайының халық аспаптар оркестрі сыйлады. Ал жас ақындар өздерінің авторлық туындыларын оқып, туған жеріне – Тараз қаласына деген сүйіспеншіліктерін жырмен жеткізді. Іс-шара соңында қатысушылар арнайы грамоталар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Елдің тойы – тоқшылықтың арқасы

БүгінТараз қаласының іргесіндегі "Grand bazaar" сауда кешенінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Облыс орталығының тұрғындары үшін Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласының шаруаларының өнімдері ұсынылды. 

Айта кетейік, қалада осындай жәрмеңкелер әр сенбі сайын өткізіліп тұрады. 

Жәрмеңкеде 35,3 миллион теңге сомасына 57,7 тоннаға жуық өнім саудаға қойылды. Атап айтқанда, 10,7 тонна ет – жылқының еті, сиырдың еті, қойдың еті және тауықтың еті бар, 2,5 тонна шұжық өнімдері, 4,1 тонна сүт өнімдері жәрмеңке көркін қыздырды. 6 мың дана жұмыртқа мен 0,5 тонна кондитерлік өнімдер және 2,4 тонна макарон өнімдері, 2 тонна ұн, 2,6 тонна бал, сондай-ақ 32,9 тонна жеміс-көкөніс өнімдері тараздықтардың берекесін арттырып, мерекесіне айналды. 

Сондай-ақ, қала күніне орай "Орынбай" шаруа қожалығы тұрғындарға 20 қап пиязын тегін таратты.

Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық азық-түлік өнімдері нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін төмен бағада саудаланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы