Тараздың тыныштығы тәулік бойы қадағаланады

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласын 200-ге жуық полиция қызметкері, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің сарбаздары тәулік бойы күзетеді. Олардың міндеттері айқын, азаматтардың денсаулығына келетін қауіпті азайтуға күш салады. Аймақта коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіреді.

Бұл туралы Жамбыл облысы бойынша полиция департаменті басшысының орынбасары Руслан Құрымбаев айтып берді.

Біздің қалаға қауіпті індеттің таралуы салдарынан алғашқылардың қатарында карантиндік режімі енгізілгендіктен, түсіндіру жұмыстарын күн санап үдете түсудің маңызды жоғары. Патрульдік шаралар кезінде дауыс зорайтқышты пайдаланып, тұрғындардан ережелер мен шектеулердің сақталуына назар аударуды сұраймыз. Біздің мақсатымыз – азаматтарды жазалау емес, оларға инфекцияның залалын ескерту және барынша түсіндіру. Сондықтан көпшілікті түсіністікпен қарауға шақырамыз, - деді Р.Құрымбаев.

Жауапты маман карантин режимін қасақана бұзған жағдайда, дүкенге, азық-түлік алуға, дәріханаға, жұмысқа немесе иттерді серуендетуге шыққандарды қоспағанда, полиция қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтыруға мәжбүр болатынын да жеткізді.

Полиция қызметкері сізбен көше бойында, аулада кездесе қалған жағдайда жанжал шығарып, дауласа кетудің қажеті жоқ. Тек сіз көшеде не себептен жүргеніңізді түсіндіріп берсеңіз болғаны. Егер тұрғындар қандай да бір себептермен талаптарды сақтамаған болса, алайда оны түсіндіріп берсе, полиция қызметкері алдын-ала сөйлесуден кейін оны босатады, - деп түсіндірді департамент басшысының орынбасары.

Егер тұрғындар полиция қызметкерінің дөрекі әрекетін байқаса немесе өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғанын көрсе, 45-43-39 немесе 8 707 433 39 82 телефон нөмірлеріне қоңырау шалып, жағдайды хабарласа болады.

Біздің қызметкерлеріміздің заңсыз әрекеттерінің әрқайсысы үшін тиісті шаралар қолданылады. Алайда, көпшілік те біздің жұмысымыздың қазіргі қатаң режімдегі ауырлығына түсіністікпен қарап, ортақ жауымызды – жұқпалы дертті жеңуге бірге күш салуы қажет. Ол үшін төтенше жағдай талаптарын мұқият орындап, өзінің, отбасының, туыстарының, жалпы қоғамның амандығына жауапкершілікпен қараса дейміз, - деді Руслан Құрымбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы