Тараздағы саябақта жиырмаға жуық аттракцион заңсыз жұмыс істеп тұр
Тараз қаласындағы Жеңіс саябағында жиырмаға жуық аттракцион тиісті рұқсат құжаттарсыз жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды. Олардың ішінде құны 80 миллион теңге тұратын алып шолу дөңгелегі де бар, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Аталған жер телімі 2019 жылы "Жасыл ел Тараз" коммуналдық қызметі тарапынан жергілікті кәсіпкерге үш жылға жалға берілген. Алайда кейін бұл келісімнің заңсыз екені анықталып, жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Соған қарамастан, кәсіпкер аттракциондарды пайдалануды тоқтатпаған.
Биыл көктемде кәсіпкер өз бетімен шолу дөңгелегін орнатып, жұмысын бастаған. Қала әкімдігі бірнеше рет ауызша және жазбаша ескерту бергенімен, кәсіпкер ескертуге құлақ аспай, құрылыс жұмыстарын жалғастыра берген. Осыған байланысты жергілікті билік сотқа жүгініп отыр.
Осы жылдың наурыз айында шолу дөңгелегінің құрылысы басталды. Біз әкімдік пен жергілікті полиция тарапынан үш рет ескерту жасадық. Жер мемлекет меншігінде екенін және кез келген құрылысқа рұқсат алынуы тиіс екенін түсіндірдік. Бұл талаптар сотқа берілген талап-арызымызда нақты көрсетілген, - деді. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков
Қазір әкімдік заңсыз салынған аттракциондарды алып тастап, аумақты босатуға күш салып жатыр. Іс сот қарауында.