Тараздағы гимназияда оқушы биіктен құлап, ауыр жарақат алды
Оқушы ауыр хәлде жансақтау бөлімінде, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тараздағы №40 гимназия аумағында оныншы сынып оқушысы биіктен құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деп мәлімдеді ведомство.
БАҚ мәліметінше, оқиға таңертең болған. Жасөспірім гимназия ғимаратының сыртында орналасқан өрт сөндіру баспалдағына көтерілген. Бейнебақылау камералары оның баспалдақ қоршауында тұрғанын, кейін тепе-теңдігін жоғалтып, құлап кеткенін тіркеген.
Оқиға алдында ол WhatsApp чатында қоштасу сипатындағы хабарламалар жіберген болуы мүмкін екені айтылды. Құлағаннан кейін оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оған бас миының зақымдануы, сүйек сынуы және ішкі ағзалардың жыртылуы сияқты ауыр жарақаттар диагнозын қойған. Оның жағдайы өте ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.
Сондай-ақ жасөспірімнің жақсы оқығаны және түрлі білім беру үйірмелеріне қатысқаны белгілі. БАҚ деректеріне қарағанда, бұған дейін онымен профилактикалық жұмыс жүргізілген, алайда анасы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуден бас тартқан.
Сонымен қатар қауіпсіздік мәселесі де көтеріліп отыр: мектеп аумағы күндіз ашық күйде болғандықтан, бөгде адамдардың еркін кіруіне мүмкіндік бар.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.