Тараздағы Баспасөз үйіне Шерхан Мұртазаның есімі беріле ме?
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласының Орталық алаңында орналасқан «Баспасөз үйіне» Шерхан Мұртазаның есімін беру қажет. Шерағаң көзі тірісінде елге келгенде осы ғимаратқа талай соққан. Табанының ізі, қолының табы қалған.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облыстық құқықтық «Жеті Жарғы» газетінің бас редакторы Бекнұр Сатыбалдиев әлеуметтік желідегі парақшасында осындай бастама көтерді.
«Егемен Қазақстан» газетінің журналисті Қазбек Құттымұратұлының 2017 жылдың желтоқсан айында бас басылымда «Оралға келсең, Қадырдың үйіне бар…» атты мақаласы жарық көрді. Сол мақаласында журналист «Әрине Қадыр ақын қашанда ел-жұртының құрметінен кенде болмаған. Тіпті көзінің тірісінде ақынның есімі туған жеріндегі орта мектепке беріліп, өзі ол жерде талай кездесу өткізген. «Дүниеден өткеннен кейін бес жылдан соң…» деген тәртіп Қадырға жүрмеді. Ол дұрыс та еді. Ақынның ел-жұртпен соңғы кездесулері де туған жерінде – Орал қаласында өтті. Шау тартқан ақынның жүзінде шаршау мен шаттық аралас жүріп еді сол кезде.
Дегенмен, ақынға деген ең үлкен құрмет – Орал қаласында 2015 жылы ашылған Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы дер едік» деп жазды. Осылайша оралдықтар ұлт тұлғасын ұлықтаудың озық үлгісін көрсетті», - дейді журналист.
Б.Сатыбалдиев, сонымен қатар өткен жылдың қазан айы қазақ руханияты үшін оңай болмағанын еске салады. Ол кезде журналистиканың қара нары, әдебиеттің қызыл жебесі, шындықтың шырағы атанған Шерхан Мұртаза кем дүниеден кең дүниеге аттанған еді.
«Ел, жұрт болып атпал азаматты ақтық сапарға аттандырдық. Қаралы митингте талай тамаша ойлар, пікірлер, ұсыныстар айтылды Шерағаң хақында. Оның барлығы, әрине ұлт руханиятының ұлы тұлғасын ұлықтау жайында болды. Осы тұрғыдан алғанда Халық жазушысына құрмет кіндік қаны тамған Жамбыл облысынан бастау алса деген ой бар», - деп сөзін жалғаған бас редактор оралдықтар жүзеге асырған игі іс біздің Жамбыл облысы басшыларының да қолынан келетініне сенім білдіреді.
Бекнұр Мейрамбайұлының айтуынша, Тараз қаласының Орталық алаңында орналасқан «Баспасөз үйінде» бұл күнде ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Ақ жол», «Знамя труда» қоғамдық-саяси газеттерінің, республикалық әдеби-көпшілік «Жамбыл» журналының редакциялары жайғасқан. Ал, жыл басында Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесі де осында қоныс тепкен.
«Шерағаң көзі тірісінде елге келгенде осы ғимаратқа талай соққан. Талай шығармалары осы басылымдарда басылған. Әріптес іні-бауырларымен талай әңгіме дүкен құрған. Былайша айтқанда, табанының ізі, қолының табы қалған ғимарат. Айтпағым, осы ғимаратты жәй ғана «Баспасөз үйі» демей, «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі» десек қандай жарасымды болар еді?! Географиялық тұрғыда орналасқан жері де әдемі. Қаланың қақ ортасы», - дейді журналист.
Айта кетейік, онамастика мәселесіне жауапты тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Сәтбекқызы жақында ғана Жамбыл облысы әкімінің идеология саласына жауапты орынбасары болып тағайындалған. Содан бері ол басқармаға басшы келген жоқ.
Ал, жоғарыдағы ұсыныс желі қолданушыларының арасында қызу қолдау табуда.