Таразда жоғалған үш бала табылды

Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің үйлесімді іс-қимылдарының арқасында Таразда хабар-ошарсыз кеткен үш бала аман-есен табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

3 шілде сағат 3:30 шамасында Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің кезекшісіне полиция департаментінен екі ұл мен бір қыз баланың үйден шығып, оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті. 5 пен 9 жас аралығындағы балалар түстен кейін үйден шығып кеткен. Оларға баскөз болып қалған 14 жасар ағасы бұл сәтті байқамай қалған. Белгілі болғандай, балалардың анасы оларды жалғыз бағып-қағады. Бірақ ол сол сәтте ауруханада болған. Үлкен ағасы оларды түстен кейін өз бетінше іздей бастаған. Таба алмаған соң полицияға хабар берген, - деп хабарлайды  ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.

Іздеу шараларына 500-ге жуық полиция қызметкерлері және Ұлттық ұланның 100 әскери қызметшісі қатысты. Іздеу топтарының бірі "Қаратау" шағын ауданында жоғалған балаларды байқаған куәгерден ақпарат алды. Белгіленген жерде ефрейтор Жандос Ілиясов "Дак" есімді қызметтік итімен іздестіру жұмыстарына атсалысты.

"Дак" бірден "Жәнібек-Керей" саябағына апарды. Саябақты тінту кезінде біз орындықтардың бірінде ұйықтап жатқан балаларды таптық. Балалар үйден тыс жерде ойнап жүріп, адасып кеткен. Шаршаған соң маңайдағы орындықтардың бірінде ұйықтап қалған. Абырой болғанда, ауа райы да қолайлы болды. Табылған балалар отбасына табысталды, - деді іздеу шараларына қатысқан ефрейтор Ж. Ілиясов.

Балалардың анасы, туыстары мен көршілері барлық полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне сәбилерді іздеуде көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы