Таразда жарылыс кезінде қаза тапқан әскери прокурорды еске алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Тараз қаласында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери прокурор, әділет полковнигі Арман Қуанышұлы Қапезовты еске алып, Оңтүстік өңірдің әскери прокуратурасы ғимаратының қасбетіне орнатылған мемориалдық тақтаның ашылуы өтті, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Рәсімді Бас әскери прокурор әділет генерал-лейтенанты Дастан Сартаев пен Арман Қуанышұлының анасы Ділда Қапезова ашты.

Арман Қапезовтің ерлік іс-әрекеті ешқашан ұмытылмайды және жас ұрпақ оны әрдайым есте ұстауы керек.

Арман Қуанышұлы адамдарды топтастыра білетін және әріптестер арасында құрмет пен беделге ие болатын. Ол өзінің мықты ішкі мәдениетімен, ерекше ақылымен және жоғары адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін. Арманның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі қалады, – деді Дастан Сартаев.

Сонымен қатар іс-шараға Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаментінің бастығы Мұрат Тілеубердиев, Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет, әскери және аумақтық прокурорлар, сондай-ақ Арман Қапезовтің туыстары мен жақындары қатысты.

Олар мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының №28349 әскери бөлімінде оқ-дәрілердің жарылуынан Оңтүстік аймағының әскери прокуроры қаза тапқан болатын. Оның төрт баласы қалды.

Ерлігі мен жанқиярлығы үшін Арман Қапезов Мемлекет басшысының Жарлығымен І-дәрежелі «Айбын» орденімен қайтыс болғаннан кейін марапатталды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы